«Алаш» электрондық кітапханасы: ақпараттық сағат
2017 жылдың 16 мамырында Абай атындағы әмбебап кітапханасының қызметкерлері Семей көпсалалы колледжіне барып, колледж ұстаздары мен студенттеріне «Алаш» электрондық кітапханасы бойынша ақпараттық сағатын өткізіп қайтты.
Биылғы «Алаш» автономиясының негізі қаланғанына және Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Абай атындағы кітапхана ұжымы «Алаш» электронды кітапханасын құрастырып, ғаламтор пайдаланушыларының назарына ұсынған болатын.
Ақпараттық сағат «Алашорда» үкіметі мен Семей қаласының байланысы туралы тарихи шолудан басталып, 1917 жылғы желтоқсан айында Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпықазақ съезінде құрылған «Алаш» автономиясының астанасы Семей қаласы болып белгіленгендігі, өздері оқып жүрген колледж орналасқан қаламыздың сол жағалауы 1917-1927 жылдары Алаш қаласы болып аталып келгені туралы мол мағлұматтар берілді.
Шара барысында электрондық кітапхананың әрбір бөлімімен таныстырып, керек мәліметтерді іздеу жолдары көрсетілді. Электрондық кітапханада орналасқан Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Қазан, Бішкек мұрағаттары мен мұражайларынан алынған, алаш қайраткерлерінің құжаттары студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды.