Далалы өлкенің зерттеушісі: ретро-шолу
Әрбір кітапхананың мақтанышы – сирек кездесетін дерекнамалар, кітап қорлары, далалық өлкені зерттеушілердің алғашқы еңбектері кітапхананың алтын қоры болып табылады. Кітапханада 20 шілде күні келушілерге жоғарыда көрсетілген жариялымдармен таныстыру болды. Кітапханаға келушілер статистикалық комитеттің қызметімен, Семей бөлімшесіндегі Орыс Географиялық қоғамымен, бастауыш білім берудегі қоғамдық күтім ұйымымен танысты. Бұл бірлестік саяси жер аударылғандар қолдауымен ұйымдастырылды және алғашқы далалық аймақты зерттейтін өлкетанушылық мекеме болды. Өлкетанушылық мекеменің негізін қалағандар қатарына жергілікті тарихшылар мен қазақ зиялыларының өкілдері кірді. Жергілікті ғалымдар билік үшін қажетті деректер, оларды сұрыптап, өңдеп, жинақтаумен қатар өлкелік зерттеулермен айналысты.
Пайдаланушылар назарына Семей облысының мемориалдық кітаптары, Семей статистикалық комитетінің есептері, бюллетеньдер, Семей бөлімшесіндегі Орыс географиялық қоғамының жазбахаттары, зиялы ғалымдардың зерттеулері, Н.Коншиннің «Об одном киргизском джуте», Б.Герасимовтың «Старинные церкви Семипалатинской области», «Заметки о пчеловодстве Восточной части Семипалатинской области», Г.Н.Потаниннің «Монгольские сказки и предания» және өлкеміздегі басқада зерттеушілердің еңбектері, сонымен қатар дүниежүзілік көркем әдебиет шеберлерінің шығармалары, кітапханадағы сирек кездесетін библиографиялық қорлар қойылды.
Келушілер өздерінің жағымды әсер алғандарын, кітапханада құнды кітаптар мен дерекнамалар сақталғандығына таң қалысты. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы болып қала бермек.