Кітапхананың түнгі әлемі: кітапхана түні
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы 2013 жылы 5 маусымда «Кітапхананың түнгі әлемі» мерекелік іс-шарасын өткізді.
Өткізілген орны: Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы. Өткізілген уақыты: 5 маусым 2013 жыл. Қатысушылар: Семей қаласының зиялы қауымы, ақын-жазушылар, мәдени мекеме қызметкерлері және кітапхана оқырмандары. Қатысушылар саны: 2500 адам. Мақсаты: қала жұртшылығына кітапқұмарлыққа баулу, оқуды дәріптеу, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысу, кітапханамен қоғамның арасындағы байланысты нығайту.
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы 2013 жылы 5 маусымда «Кітапхананың түнгі әлемі» мерекелік іс-шарасын өткізді.
«Кітапхананың түнгі әлеміне» жиналған қала тұрғындарын кітапхана түніне арнайы жасақталған ұлттық нақышта безендірілген қазақы киіз үй, алтыбақан, балаларға арналған ойын алаңдары, кітап көрмелері қарсы алды. Кітапхана алаңында «Еураз-шоу» ән-би театрының бишілері «Кесе сылдыры» биімен шашу шашып, ыстық ықылас танытты. Мерекелік шараны Ә.Қашаубаев атындағы филормониясы оркестрінің концерті жалғастырып, қатысушыларға ерекеші көңіл-күй сыйлады. Жиналған қауым бір уақытта бірнеше шаралардың куәсі болды. Мерекелік шарада қаламыздағы «Балалар мен жастар сарайынан», «Татар өнер мектебінен», «№8 балалар үйінен» келген бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салды. Жиналған балақайлар батут, түрлі үлкенді-кішілі машиналардан жасақталған ойын алаңдарында ойынға қанық болды. Балалар мен жастар сарайынан және «Батыр» спорт клубынан келген өнерлі бишілер мерекеге қатысушы бүлдіршіндерге шеберлік кластарын өткізіп, би өнеріне баулыды. Ғимарат ішіне кітапхананың 130 жылдығы қарсаңына арнайы жазылған Қ.Ж.Нұрқасым мен «Дариға-ай» жастар театрының жетекшісі А.Т.Бахтиновтың бірлесіп дайындаған Абай заманындағы экспонаттармен жабдықталған «Дариға-ай» жастар театрының Абай мен Михаэлистің ең алғашқы кітапхана қабырғасындағы кездесу сәтін бейнелейтін көрніс жалғастырды. Алғаш рет кітапхана қызметкерлерінің орындауында, Ж.Аймауытовтың сөзіне жазылған М.Дулатовтың «Алаш гимні» орындалды.
Қ.Мұхаметханов ескерткіші алаңында «Мәңгілік ел» жас ақындар шеруі өткізіліп, «Шын жүректен жомарттықпен» тақырыбында жергілікті ақын-жазушылар мен ғалымдар М.Сәрсеке, С.Тәбәрікұлы, Т.Ибрагимов, А.Ахметжанов, Д.Омарбаева, М.Сұлтанбеков Р.Мұқажанова т.б. шығармаларынан жасақталған кітап көрмесінің жанында мерекеге қатысушылар мәдени-шығармашылық қарым-қатынаста болды. Қала тұрғындары қазақ үйіндегі ұлттық дастарханан дәм татып, жас ақындар арасында айтыс өткізді. Киіз үй алдында «Қазақы дастархан», «Қазақтың ұлттық ойындары» кітап көрмелері қойылып, қатысушылар үшін әдебиеттерге шолу жүргізілді. Сондай-ақ, «Алтыбақан аясында» мерекелік ойын-сауық бағдарламасы аясында алтыбақан, асық, арқан тарту ойнатылып, ұлттық ойындар туралы мол мағлұматтар берілді.
«Рухани қазына-ғасырдан ғасырға», «Қайталанбас сирек басылымдар» кең көлемді ретро-көрмелер ұйымдастырылып, сирек басылымдар тарихы мен мазмұнына шолу жасалды. «Кітапхана таным-білім алаңы» тақырыбында өткізілген сегіз түрлі тақырыптағы білім фестивалі қатысушылар үшін нағыз білім сайысы болды. Білім сайысының жеңімпаздары жауап берген сұрақтарының санына байланысты жетондар жинап, нақтыланған жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.
Кітапхана ішінде кітапхана оқырмандары, қалаға танымал белгілі қолөнер шеберлері Қ.Аймұхамбетовтың, А.Қалқаұлының, Л.Вахрушеваның, Р.Экемсееваның, А.Елубаевтың т.б. туындылары қойылып, қатысушылар қолөнер бұйымдарымен танысты. Қолөнер шеберлерінің қолынан туындаған бұйымдарға қатысушылар ерекше көзқарас танытып, қолданбалы өнердің қыр-сырымен танысты. Шеберлер ықылас танытқан қонақтарға шеберлік класстарын өткізді.
Кітапхана түніндегі барлық бағдарламаларға қала жұртшылығы белсене қатысып, кітапханада оқырмандар қатары жаңа оқырмандармен толықты.
«Кітапхананың түнгі әлемінің» қонақтары «Семейтау» «Еураз-шоу» ән-би театры әртістерінің концерттік бағдарламаларын тамашалап, би билеп, ерекше бір көңіл-күйде болды. Ұйымдастырылған мерекелік қара қала тұрғындары үшін маңызды да қызықты демалыс кеші болып, қала тұрғындары алғыс білдіріп тарасты.