Шәкәрім тағылымы: библио-десант
Қазақтың ұлы ойшылы, философ, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасы барлық жағынан да ойлы, әрі мазмұнды болып келеді. Шәкәрім Құдайбердіұлының 160-жылдық мерейтойы ақын мұрасын қалың оқырман қауымға тағы бір қырынан көрсетуге себеп болып отыр. Осы мақсатта кітапхана мамандары қаланың орталық саябағында «Шәкәрім тағылымы» тақырыбында библио-десант ұйымдастырды. Библио-десант әдеттегі кітап және мерзімді басылымдардан тұратын көрме ғана емес, Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы, дүниетанымы, әлеуметтік-саяси көзқарастары, философиялық лирикасы кітапхананың ресми сайтында орналастырылғаны жайлы шағын парақшалар таратты. Шәкәрім артынан бай әдеби мұра қалдырды. 1878 жылдан 1904 жылдары жазылған туындылары жеке кітап болып шықты. Бұдан басқа 20-дан астам әні бар.
Шәкәрімнің «Үш анық» философиялық трактаты библио-десанттың негізгі кітабы болды. Өйткені Шәкәрім «Үш анық» атты философиялық трактатын жазуға даярлықты 1898 жылдан бастап кірісіп, отыз жылдай ізденіп, жиған тергенін өз ой елегінен өткізіп, қорытындыны 1928 жылы аяқтағаны мәлім. Соңында шығарған саналы қорытындысы – «Ұждан» қасиеті, ар ілімі және қазақ ұлтының бағзыдан ұстанып келе жатқан мұсылмандық жолы.