Наурыз нақыштары: шығармашылық кездесу
Талайды таңдай қақтырған ақындық өнер – талант пен шабыттың тамаша үйлесімінен туатын ерекше өнер. Әдебиет пен өнер айдынына жаңа толқынның келіп қосылып жатқаны көңіл қуантарлық жәйт. Жастар жылының аясында 14 наурыз күні Абай кітапханасында қаламыздың жас ақындарымен шығармашылық кездесу өтті. Кешке ҚазИГЗУ-і, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері, кітапхана пайдаланушылары қатысты.
Кездесуге қаламыздағы белгілі жас ақындары Бауыржан Игілік, Жасұлан Мақаев, Әлішер Қыдырбеков, Қуандық Кенжебекұлы, Манарбек Сатыбалдин, Медет Божан арнайы қонақ ретінде шақырылды. Ақындар өздерінің өлеңдерін оқып, ұйымдастырушылар дайындаған қызықты логикалық сұрақтарға жауап берді. Айтыскер ақындар Ж. Мақаев, Ә. Қыдырбеков, Қ. Кенжебекұлы, М. Сатыбалдин өзара шағын қайым айтыс ұйымдастырса, Б. Игілік гитарамен «Сәйгүлік» әнін әуелете орындап берді. Көрермендер кеш қонақтарына ақындық, өнер, шығармашылық пен өмір жайлы өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты. Кеш соңында Ж. Мақаев өзінің авторлық «Бағымсын» атты әнін орындап, көрермен қошеметіне ие болды.
Кездесуге сонымен қатар «Наурыз – жыл басы» атты кітап көрмесі ұйцымдастырылды. Көрмеде кітаптармен қатар мерзімді басылымдар, суретті альбомдар ұсынылды. Көрме Наурыз мейрамының тарихы мен дәстүрі, қазақтың ұлттық ойындары, мейрам туралы өлеңдер, мейрамда дайындалатын ұлттық тағамдар мен қасиетті сөздер сынды бөлімдерді қамтыды.