График – суретші Нұрбұлан Өтепбаев: шығармашылық кездесу
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапханасы Қазақстан Суретшілер Одағының Семей қалалық бөлімшесімен бірігіп 14 мамыр күні Шығыс Қазақстан өңіріне танымал суретші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері кафедрасының профессоры Нұрбұлан Өтепбаевпен шығармашылық кездесу ұйымдастырды.
Кездесу барысында профессор Н.Өтепбаев өзінің шығармашылық еңбек жолы, шығармашылық шеберханасы жайында әңгімелеп, көрермен тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп отырды.
Шара барысында Невзоров отбасы мұражайының ғылыми қызметкері Карлыгаш Рахимовна «суретшінің туындылары асқан шеберлігі, алуан түрлілігі және ғажайып үндестігімен, ұлттық калоритімен көздің жауын алады және үнемі ізденістегі шебер ретінде танытады», – деп өз пікірін білдірді.
Жүргізуші танымал суретшінің өмірбаяны мен шығармашылық жұмысы жайлы әңгімелеп, Семей өңірінде алғашқы суретшілердің бірі болып, жерлес ақын-жазушылардың кітаптарына иллюстрациялар жасағаны және Н.Өтепбаевтың графикасын АҚШ- та, Жапонияда, Қытайда, Латвияда, Ресейде және Қазақстандағы жеке коллекциялардан кездестіруге болатындығына кеңірек тоқталды. Жас әнші Таңат Мұқашев Абайдың әндерін орындап кештің шырайын кіргізді.
«Қылқалам шебері – Н. Өтепбаев» атты кітап көрмесіне Қазақстандық, Семейлік суретшілердің туындылары мен мерзімді басылымдарды жарияланған материалдары, суретшінің еңбектері қойылды.Студенттерді ерекше қызықтырған суретшінің Шәкәрім Құдайбердіұлының 160-жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген, портреттері, акварельмен салынған дала пейзаждары, ою-өрнектердің дизайны ерекше берілген «Өнердегі философия» альбом кітабы болды.
Шығармашылық кездесуге Шәкәрім атындағы университетінің, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері, кітапхана пайдаланушылары, БАҚ өкілдері шақырылды.