Ақын және тарихшы: кездесу кеш (ақын, әнші, өнертанушы Құсмілия Нұрқасымның 70 жыл толуына орай)

23.05.19

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында белгілі өнертанушы, алаштанушы, мәдениет қайраткері, ақын Құсмілия Жырғалыұлының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында, кездесу ұйымдастырылып, ақынның «Құсмілия» кітабының тұсаукесері өткізілді.

Кітапхана қызметкерлерінің автор жайлы ақпаратынан көрермен қауым Құсмілия Жырғалыұлының бала кезден-ақ қазақ фольклорын сіңіріп, өнерге қанып өсіп, кейіннен осы саланың майталманына айналғанын білді. Сан қырлы талант Құсмілия Жырғалыұлы көрермен қауымды адуынды жырларымен, жанды тербейтін әуезді әндерімен тәнті етті. Жасынан өлең-жырға жақын болса да Құсмілия Жырғалыұлы музыка әлемінде сазгер ретінде де танымал. Ол отыз шақты әннің авторы.  Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған жылдарында мәдениет мекемелерінің жүйесін дамыту бағытындағы атқарған істерін, маңызды тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңарту, сонымен қатар еліміздің өркендеуіне үлес қосқан тұлғалардың мұрасын насихаттау жөніндегі нақты істерін  тарихшы ғалым абайтанушы А.Омаров қатысушыларға айтып берді. Белгілі ғалым, тарихшы Амантай Исин Құсмілия Жырғалыұлының тарихты зерттеу істеріне қосқан үлесін, оны насихаттау жұмыстарына сіңірген еңбегін тілге тиек етті.

Кешке қаламыздың зиялы қауым өкілдері, замандас достары, туыстары  Қ.Жырғалыұлына жылы лебіздерін білдіріп, Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі Берік Омаров  «Ақылбайдың әнін»  орындап, Шәкәрім университетінің 3 курс студенті Айбек Жеңісқазин  Қ.Жырғалыұлына арналған арнауын орындады. Шарада ақынның жеке архивінен алынған фотосуреттерінен  слайд, қаламгер шығармашылығынан сыр шертетін «Тарбағатайдың тарланы»  кітап көрмесі мен ұсынылды. Кешке  М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің, көлік колледжінің студенттері қатысты.