Семей полигоны – ұлт қасіреті: кең көлемді экспозициялық кітап көрмесі
27 тамыз күні Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай «Семей полигоны – ұлт қасіреті» атты экспозициялық кең көлемді көрме жасақталды.
Шара барысында кітапханашы полигонының тарихы мен қасіреті және ядролық сынаққа қарсы 1989 жылы құрылған “Невада-Семей” қозғалысының қызметі туралы, 40 жыл бойы Семей ядролық полигонындағы сыналған 456 ядролық және термоядролық жарылыстың адамдарға, қоршаған ортаға әсері туралы ақпараттар беріп көрмеге шолу жасады. Семей полигоны туралы терең мағлұматтар беретін жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің ғылыми еңбектері, зерттеулері мен басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар қатысушылардың назарына ұсынылды. Қатысушылар М.С.Сәрсеке, Н.Назарбаев, Н.Жотабаев, С.Картоев, С.Стивенсон, И.Часников, В.Шмидт, Е.Якубовская және т.б. авторлардың Семей полигоны тақырыбында жазылған кітаптарымен мерзімді басылымдар беттеріндегі жарияланған мақалаларымен танысты.
Семей қаласының тұрғыны суретші-флорист, мүсінші, қолөнер шебері Құрман Абайұлы Аймұханбетовтың «Құбыжық адам», «Ананың көз жасы», «Хайуан адам», «Полигонның зардабы», «15 жасар кемтар бала», «Өлім әкелген саңырауқұлақ», «Махаббат өлімнен де күшті» және т.б. туындылары кітап көрмені толықтырды. Қатысушылар шебердің шынайы шеберлікпен жасаған мүсіндерінен полигонның адамзатқа әкелген орны толмас қайғы- қасіретін, тіршілік атаулының тартып отырған жан азабын көре алды. Cемей полигонының зардабын қырық жыл тартқан шерлі елдің ашу-ызасын табиғат арқылы жеткізген мүсіншінің жұмыстарын қатысушылар жоғары бағалады.
Шараға қатысушылар үшін кітапхана қызметкерлерінің дайындаған «Ядролық қарусыз – бейбітшілік әлемге» тақырыбындағы виртуалды көрмегенің тұсауы кесіліп, көрменің «Оқырмандар хроникасы», «Ядролық полигон кітап беттерінде», «Ядросыз әлемге бастаған Қазақстан жолы», «Фоторепортаж», «Деректі кино», «Ядролық полигон құрбандарына арналады», «Көркем әдебиеттегі полигон» бөлімдерінге шолу жасалды.