Отанымыз ортақ, тіліміз түрлі, тілегіміз бір: тілдер фестивалі
Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 5 қыркүйекте Абай атындағы кітапханада Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Отанымыз ортақ, тіліміз түрлі, тілегіміз бір» тақырыбында фестиваль өтті. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараға этно-мәдени орталықтардың өкілдері, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Шара қонақтарын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімі Д.Ахметовтың қолдауымен жарық көрген «Абай әлемі» кітаптар топтасы бойынша жарық көрген басылымдардан кең көлемді көрмесі мен Семей қаласындағы этно-мәдени орталықтардың түрлі бұйымдардан жасаған қолданбалы өнерінен көрме ұйымдастырылды.
Кітап әлеміне қызығушылық танытқан қатысушылар көрмеден орын алған кітаптар топтамасымен танысып, мол ақпаратқа қанық болды. Қонақтарға ұлы Абайдың, ақын-философ Шәкәрімнің шығармаларына, ұлы жазушы М.Әуезовтің орыс жазушысы А.Кимнің аудармасымен жарық көрген «Путь Абая» роман-эпопеясына, Қазақстанның тұңғыш Халық ақыны атанған Т.Көбдікұлының, орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевскийдің шығармаларына, аты аңызға айналған Әміре әнші туралы естеліктер жинағына, жазушылар М.Сәрсекенің, А.Ивановтың, Б.Щербаков пен балалар жазушысы М.Қабанбаевтың кітартарына шолу жасалды.
Фестиваль қонақтары ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» әдеби экспозициясымен де танысып, Абай оқыған кітаптарға ерекше көңіл бөлді. Көрмедегі Абай тұлғасына қатысты сирек басылымдар мен әлем тілдеріндегі Абай шығармалары және батыс ойшылдарының еңбектері мен әйгілі орыс және еуропа классиктері Л. Толстой, В. Жуковский, А. Шекспир, Ф. Шиллер, И. Гете, Дж.Бирон, Г. Андерсеннің туындыларын, Абайдың латын графикасындағы 1936 және 1939 жылдардағы шығармалар жинақтарын аса ризашылықпен тамашалап, ерекше құрметпен қарады.
Фестивальге Шемонаиха мен Курчатов қалаларынан келген «Алтын өрмекші» фольклорлық ансамблі мен «Фантазия» тобы және т.б. шығармашылық топтар көпұлтты елімізде тұратын халықтардың әндері мен билерін орындап тыңдармандардың алғысына бөленді.