“Абай әлемі”: кітапар топтамасының экспозициясы
22 қаңтарда Семей қаласында Абай атындағы театрда ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Адамзаттың бәрін сүй» атты мерекелік іс-шаралардың ашылуы өтті. Бұл эстафета Нұр-Сұлтан қаласынан қабылданды. Аталған шарада Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы «Абай әлемі» кітап топтамасының алғашқы екі шығарылымынан экспозиция ұйымдастырып, мерекелік шараға белсенді қатысты.
Абай жылының ашылуына арналған шараның құрметті қонақтары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат, Семей қаласының әкімі Сәлімов Ермак Бидахметұлы, абайтанушы ғалымдар, жазушылар, ақындар, Шығыс Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдері болды.
Салтанатты шараға қатысушылар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани Жағыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Абай әлемі» кітаптар топтамасы әдеби жобасымен танысты.
Қатысушыларға шығыс өңірі авторларының 2018 жылы жарық көрген 16 кітабы мен 2019 жылғы жарық көрген 12 кітабы ұсынылды.
Көрмеге келушілер көрмеден орын алған жобаның алғашқы жылында жарияланған Абай, Шәкәрім, М.Әуезовтің шығармаларымен, Ф. Достоевскийдің Семейде өмір сүрген жылдары жазылған алғашқы туындыларымен, ақын Төлеу Көбдіковтің, М.Сәрсекенің, М.Қабанбаевтың, А.Ивановтың, Б.Щербаковтың еңбектерімен және жезтаңдай әнші Қашаубаев туралы жарық көрген естеліктермен танысты.
Сондай-ақ, қатысушылар 2019 жылы жарық көрген XIX-XX ғасырлардағы Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесі мүшелерінің жазған «Краеведы XIX–XX веков о Восточном Казахстане» атты ғылыми еңбектерімен, өлкетанушы С.Черныхтың «Неутомимый краевед Рудного края” атты еңбегімен және өлкенің әдеби өмірінің дамуына үлес қосқан көрнекті қаламгерлер Нұрлыбек Баймұратовтың, Қалихан Алтынбаевтың, Тыныштықбек Әбдікәкімовтың, Айтмұхамбет Қасымовтың, Көпен Ерқасовтың, Бақытжан Раисованың шығармалармен қауышты.
Жастар жылына байланысты жарық көрген жас ақындар Мерей Карттың, Александр Мещеряковтың, Бауыржан Игіліктің, Қызырбек Дүргінбайдың поэтикалық шығармалары және Ержан Жұмабек, Ольга Асташенко, Медет Божан, Наталья Викс, Жасұлан Мақай, т.б. сынды шығыс өңірі жастарының шығармалары енген “Жастықтың оты жалындап” (“Бег времен”) атты поэтикалық жинағы ұсынылып, таныстырылды.
Театр сахнасында Абай Құнанбаевтың балалық шағы, жастық және ер жетіп бой түзеген кезеңдері театрландырылған қойылымдармен көрсетілді.
Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түн жарық-ай», «Татьянаның Онегинге хаты» және тағы басқа әндерін еліміздің эстрада жұлдыздары шырқады. Шараның сахнадағы салтанатты бөлімі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрімен және Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның орындауындағы музыкамен сүйемелдеді.