Қос жүректің лүпілі: тікелей эфир
2020 жылдың 26 сәуірде Абай атындағы кітапханасының ұйымдастыруымен @semeybib инстаграм парақшасының тікелей эфирінде Әмір Қашаубаев атындағы мемлекеттік филормонияның әншілері, ҚР мәдениет саласының үздіктері Қадылбек және Маржан Омаровтармен сазды кездесу өткізілді.
Отбасылық жұп қазіргі уақытта барша әріптестерінің оқшаулану кезінде жұртшылыққа онлайн концерттер ұсынып жатқанын айтып сөз бастады. Кездесудің аты айтып тұрғандай «Қос жүректің лүпілі» жарасымды жұптың жайдары сұхбаты желідегі көрерменнің кеш басталмай жатып-ақ қошеметіне бөленбей қоймады.
«Өнер адамының жары болу бір ғанибет, бір үйдің екі адамы бірдей өнер жолында болу бұл тіптен керемет» – деді Маржан ханым. «Репертуарымыздағы әндерді бірге таңдаймыз, үлкен сахнаға шықпастан бұрын дайындықтың көбін үйде жасаймыз» – деп жалғады Қадылбек мырза.
Көрермен қауымды көп күттірмей жарасымды жұп халық әні «Гүлдер айымды» әуелетіп бастап кетті. Барша қатысушылар зор ықыласпен тыңдап, отбасылы жұпқа ақ нөсер ақ тілектерін жаудырды.
Шараның қызған сәтінде жарасымды жұп өздерінің отбасы болғалы ән әлемінде қатар жүргелі жиырма бес жыл уақыт болғанын айта келе жастық шақтарында орындаған «Жаным сенде» дейтін әнді шырқап берді. Алғаш жанұя болған шақтарында Абай атамыздың 150 жылдық тойында түр тұлғасы ұқсас болған соң Қадылбек мырзаны Абайдың жас күнін сомдауға шақырыпты, ал Маржан ханымға Қадылбектің жұбайы екенін білмесе де Қаламқас рөлін сомдау ұсынылған екен. Сөйтіп жастық шақтарында тарихтағы тектілердің образын жұртшылыққа ұсынған мақтанышпен айтты.
Эфир қонақтарының алғаш танысқан жері Ақсуат ауылының мәдениет үйі екен. Оқуды тәмамдаған жас жігіт Ақсуаттың мәдениет үйінің жас маманы болып жұмысқа орналасады. Дәстүрлі ән мен күй классын бітірген сері ару қыздардың арасынан Маржан ханымның жүрегін жаулап алады. Осылай өнер жолымен өмір жолы тоғысқан жастар отбасылы Омаровтарға айналады. Осы орайда көпшіліктің сұрауымен өздерінің жастық шағының куәгері болған «Кел қалқа, Ақсуатқа» дейтін тамаша әнді орындап берді.
Жарасымды жұптың балалары да өнерден кенде емес. Ата-аналарымен қосылып эфир барысында олар да түрлі әндерін шырқады. Мұратбек Сарбасовтың анашым әнін тағы да басқа әуелеген әуенмен кездесуімізге үн қосты. Өнерлі отбасы шырқап жүрген әндерінің дені Бекен Жамақаев, Болат Сыбанов, Теміржан Базарбаев сынды жерлес ән ұсталарының туындылары екенін айтты.
Желідегі байланыс барысында көптеген ән орындаған әнші жұп кездесу соңын Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қортындылап, лебіздерін білдірді.Тыңдарман, көрермен қауым да шексіз ризашылықтарын жолдады.