Анадан шыншыл туған Сапарғали: тікелей эфир
2020 жылдың 24 маусымында ШҚО Абай атындағы кітапханасының ұйымдастыруымен @semeybib инстаграм парақшасының тікелей эфирінде Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің дайындық бөлімінің меңгерушісі, ф. ғ. кандидаты, доцент Иманжапар Мұрат Тілегенұлымен ағымдағы жылы «Абай әлемі» сериясымен жарыққа шығатын Сапарғали Әлімбетовтың өмірі мен шығармашылығы жайында онлайн сұхбат өткізді.
Сөзінің басын ғылыми десертациясына тақырып етіп алуына бірден бір себеп ұстазы Арап Слямұлының нұсқауы болғанын айтып бастады қонағымыз. Соңында іздеушісі жоқ, жетім өскен ақынды зерттеуді алдына мақсат етіп қойып, ауыл-ауылды, ел мен жерді, талай мұрағатты көп ақтарғанын айтты.
Сапарғали жасынан ойы жүйрік, сөзге ұста адам болған. Туып өскен ауылы мен өлкесіндегі ойын-тойдың шырайын кіргізетін серілігі тағы бар деседі. Замандастары Төлеу Көбдіковпен, Нұрлыбек Баймұратовтармен қатар жүрген өлең саңылағы. Абайдың дәстүрлі ақындық мектебінің жолын жалғастырушы. Тірлігінде өзі Абаймен жолықпасада, Абайдың көзін көрген ақындармен қатар жүрген дейді.
Сапарғали Әлімбетовтың танылуына, өлдерінің газет беттерінде жариялануына себеп болған Ілияс Жансүгіров екен. Ауыл-аймақтардағы өлең майталмандарын елге таныту мақсатында Семей облысына келген Ілияс Сапарғали ақынның жырына тәнті болып, Астанаға(Алматы) жазба нұсқаларын алып барып, газет беттерінде жариялаған екен. Кейіннен ақынның өзін қалаға шақырып Мұхтар Әуезовпен таныстырған. Алғашында Сапарғали ақынды ұнатпаған Әуезов оның жырын тыңдап жәй адам емес екенін аңғарып, үйіне қонаққа шақырып үш күн бойы жібермей әңгімелескен екен.
Сонымен қатар Мұрат Тілгенұлының сөзінен Сапарғали ақынның айтысы, дастандары және өлең жырлары шыншылдықты, әділдікті көксейтінін байқадық.
Желідегі байланыс соңында ақынның жалғыз тұяғы Маманның соғыста қаза тапқанын білдік. Және сол Маман халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың досы екенін және «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасындағы Ерболдың Заман досының протатипі осы Маман екенінен хабардар болдық.
Бір жарым сағатқа созылған эфирде Мұрат Тілегенұлынан Сапарғали Әлімбетов жайлы көптеген мәліметтерге қанық болдық.
Байланыс соңында Мұрат Тілегенұлы Абай атындағы кітапхана ұжымына шексіз ризашылығын білдірді, себебі Сапарғали ақынды зерттеу барысында аталмыш кітапхана көмегі көп болғанын, сирек қор бөлімінен алған дерегінің пайдасы тигенін айтып сөзін аяқтады.