Шығыс Қазақстанның киелі жерлері : тікелей эфир
Ағымдағы жылдың 17-ші шілдесінде Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шығыс Қазақстанның киелі жерлері» атты тікелей эфир өткізді. Эфирге кітапхананың мерзімді басылымдар бөлімінің қызметкері Парфенович Марина Ивановна қатысты.
Байланыс барысында Марина Ивановна Шығыс Қазақстан облысында қандай киелі жерлер бар, олардың саны, қай мекенде орналасқаны жайында әңгіме қозғады. Абай ауданында орналасқан көне түркі дәуіріне жататын Қоңыр әулие үңгірі, Мұзтау (Белуха), Семейдегі Святой ключ – қасиетті бұлақ, Абай–Шәкәрім мемориалдық кешені облыстағы киелі жерлер картасына енгізілген.
Сөз реті келгенде Қоңыр әулие үңгірі ел арасында тарихи аңыздарымен және емдік қасиетке ие суымен белгілі екендігі жайында айта отырып, әлі күнге ғалымдардың үңгірдегі көл суының құрамын зерттеп, құпиясын аша алмай келе жатқаны, жаугершілік заманда қазақтың қалың қолы осы көлге шомылып, жарақаттарынан айығып отырған деген де аңыз әңгіменің бар екені айтылды.
Кітапхана қызметкері Алтай тауларының ең биік шыңы – Мұзтау, Батыс және Шығыс Мұзтауы болып аталатын екі шыңнан тұратыны, сонымен қатар бұл тау – «Алтайдың алтын таулары» бүкіл әлемдік мұрасының бір бөлігі екендігіне тоқталды. Семей қаласындағы Святой ключ – қасиетті бұлағы, оның емдік қасиеті жайында әңгіме қозғап, халықтың бұл бұлақтың басына толастамай келіп жатқаны жайында сөз қозғады.
Марина Ивановна Жидебай жерінде орналасқан Абай–Шәкәрім кесенесі, биік күмбездері сәулетші идеясы сағым-теңiздiң үстiнде үлкен бiр ой құшағында қалықтап тұрғанын, ойдың алып кемесi сияқты әсер ететінін айтып, көркемдікпен жеткізді.
Сөз соңында Марина Ивановна барша оқырмандарды өз туған өлкеміздің таң ғажайып жерлерін аралап көріп, тарихын білуге шақырды. Себебі туған жеріміздің қасиетті мекендері бойымызға қуат беріп, көкжиегімізді кеңейтетінін мақтанышпен айтты.