Жастықтың оты жалындап: тікелей эфир
2020 жылдың 29 шілдесінде ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының @semeybib инстаграм парақшасының тікелей эфирінде жас ақын, Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университетінің түлегі, қалалық, облыстық, республикалық жыр додалардың жүлдегері, «Жастар жылы» қарсаңында жарық көрген «Абай әлемі» басылымындағы «Жастықтың оты жалындап» жинағына өлеңдері енген автордың бірі Жақсылық Асқарбекпен онлайн жүздесу өткізді.
Әр аптаның сәрсенбісінде дәл осы «Абай әлемі» басылымындағы «Жастықтың оты жалындап» жинағына өлеңдері енген ақындармен кездесу өткізу жоспарланған болатын. Біздің жоспарлы жүздесуімізде байланыс аясынан табылған жас ақын Жақсылықпен жастар арасындағы поэзия, кейінгі уақыттағы пайым түсінік, жаңа дәуір жастарының жырдағы үрдісі жайлы кең көлемде әңгіме қозғалды.
Бала күннен жырға жақын, өлеңге өгейлік танытпаған ақын шабытының шарықтаған уақыты студенттік кез екенінде жасырмады. Өткен ғасырдағы әдебиет саңылақтары сияқты бала күннен әжесінің ертегісін тыңдап, кейін ауыл молдасыныңда алдын көріп рухани білімге қанып өскен жастың ар алдында адал азамат боп жетілгеніне оқырманның білдіріп жатқан зор ілтипаты дәлел болды.
«Үлкен адам болу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға» – деген Мұхтар Шаханов атасының сөзін алға тарта сөйлеген ақынның арманы асқақ, талғамы биік екені аңғарылып тұрды. Жұматайдың жырына деген құмарлықпен поэзияда қалам тербеп, өз музасына айналған Ләйлісін тапқан жас ақынның жырларынан жаңашылдықтың лебі еседі.
Кешегі мен бүгінді салыстыра отырып өзіндік ой қалыптастырған, жеке пікірін жасқанбай айта алатын, өресі биік өлеңі отты – ақынның жырлары мен көрермен сұрағына берген жауабы болашақта үлкен сөззергеріне айналатынын айтып сайрап тұрды. Бізде жалындаған жас талапқа жарқын болашақ, кемел келешек тіледік!