Жастықтың оты жалындап: тікелей эфир
2020 жылдың 20 тамызында ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының @semeybib инстаграм парақшасының тікелей эфирінде жас ақын, Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университетінің студенті, қалалық, облыстық, республикалық жыр додалардың жүлдегері, «Жастар жылы» қарсаңында жарық көрген «Абай әлемі» басылымындағы «Жастықтың оты жалындап» жинағына өлеңдері енген автордың бірі Қуаныш Еркінұлымен онлайн жүздесу өткізді.
Онлайн байланыс барысында жас ақын өзінің туған жері қасиетті Қарауылдан бастап әңгіме қозғады. Ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған топырақтан түлеген Қуаныш қанындағы ақындық осы текті бабалардың сара жолына бастар жол екенін мақтанышпен жеткізді.
Қазіргі қоғамға жетіспейтін мейірімділік, адалдық пен адамдық қасиетті өлеңіне арқау етіп, жаңа заман поэзиясына тамшыдай болсын үлес қоссам дейді.
Ең әуелі оқыған мектебі – қарауылдағы Абай атындағы мектеп, кейінен Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжін бітіріп, әрі қарай Шәкәрім университетінің студенті болып жүрген жас талап мұның өзі үлкен даңғылға бастап келе жатқанын айтып өтті.
Байланыс барысында өз шығармашылығынан көптеген өлеңдер оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, эфир соңында бала күнгі махаббатқа арналған «Қоңырау» дейтін өлеңімен оқырмандарымыздың көңілін шат-шадыман етті.
Желідегі жүздесуімізді тамашалаған көрермен ақ тілектерін жаудырып жатты. Бізде жас ақынның сапарына сәттілік тілеп. Эфирімізді аяқтадық.