Жастықтың оты жалындап: Ерасыл Сәрсенбаймен тікелей эфир
2020 жылдың 9 қыркүйегінде Абай атындағы әмбебап кітапхананың инстаграм парақшасының тікелей эфирінде әр аптаның сәрсенбісінде «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген «Жастықтың оты жалындап» жыр жинағына шығармалары енген жас ақындармен өткізілетін кезекті онлайн сұхбат жалғасын тапты. Бұл жолғы кештің қонағы жас ақын, әртүрлі деңгейдегі жыр додаларының жеңімпазы Ерасыл Сәрсенбай болды. Кешкі кездесу барысында жөн сұрасып болған соң, жазба ақындық пен суырыпсалма ақындық жайында, жеке шығармашылығы, өскен ортасы, ұстаздары жайлы азды кем әңгіме өрбітті.
Байыпты мінезімен ойын нақты жеткізетін қонағымыз әр сөзінің астары ақиқаттан алыс емес екенін аңғартып отырды. Осы уақытқа дейін оқып білгенімен көріп түйгенін көрермен қауымға көркемдеп жеткізді.
Жазған жырынан адам жанына тыныштық лебі есіп тұратын ақын өлеңдерінен адамдыққа шақыру, ізгілікке бастау, өмірге деген құштарлық, нәзік сезіммен біте қайнасып сөз патшасына айналатынын аңғардық.
Оқырманның қойған сауалдарына салмақты ой сала жауап беріп қана қоймай тікелей эфирде оларға да арнап шағын жыр шумақтарын тарту етті. Бізде көңілі ақ, жүрегі пәк ақынның шығармашыл ғұмырына тек сәттілік тілеп, эфирімізді тәмәмдадық.