Абай ілімі жастардың көзқарасымен: тікелей эфир
2020 жылдың 8-ші қыркүйегінде ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының инстаграмм желісінің тікелей эфирінде «Абай әлемі» жобасы аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Гүлжан Ыхыласпен онлайн жүздесу өтті.
Эфирдің қамтыған тақырыбы «Абай ілімі жастардың көзқарасымен» болды. Тақырып төңірегінде қонағымыз кеңінен ақтарыла сөйледі. Жанына бала күннен серік болған Абай өлеңдерімен сусындап өскенін айтып, қара сөздері мен бабасының ақылиялары ой қортып, өсіп жетілуіне көп әсерін тигізгенін мақтанышпен жеткізді.
Жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың «Абай ақын емес, Абай қазақ ақындарының пайғамбары» – деген сөзін тілге тиек етіп, аңызға айналған бабаларының бір-біріне деген құрметі ұрпаққа үлгі болатынын айтты.
Қазіргі жастардың білімге деген құштарлығы, оның ішінде Абай іліміне ықыласы қандай? – деген сұраққа «Бүгінгі жастың бірі өзіммін Абайды танып білу өзіңді танып білу деген сөз. Қазіргі таңда Абай тойы айналасында сан түрлі бәйге, мүшәйра, айтыс, онлайн білім сайыстары көптеп өтуде. Соларға қатысу, бақ сынау, Абай өлеңдерін жаттау, тағысын тағы оқып білу, бізге Абайды жете тануға зор мүмкіндік береді» – деп жауап береді.
Бүгінгі күнде Өскемен қаласының тұрғыны болып жүрген Гүлжанның туып өскен жері Алтай аймағы Қытай Халық Республикасы. Әңгіме барысында қонағымыз арғы беттегі қазақ қандастарымыздың Абай өлеңдері мен әндерін жатқа айтып, жанымен сүйетінін, өзіде атамекенге келгенде «Шығыстың үш шынары» туған ел деп шығыс аумағына бабалар рухына тағзым етіп келгенін жасырмады.
Желідегі байланыс соңында қонағымыз Абайдың өлеңдерін оқып, «Сегіз аяқ» әнін Алтай аумағындағы қандастарымыздың сарынымен кемеліне келтіріп орындап берді. Эфирімізді тамашалаған оқырмандарымыз толассыз ақ тілектерін жаудырып жатты. Бізде қонағымыздың өнеріне сүйініп, пейіліне жығылып, зейініне қуат тілеп, эфирімізді аяқтадық.