Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Қаз 15

Абай әлемі: әдеби экспозиция

Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толу мерейтойына орай 15 қазан  күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Семей қаласында іс-сапарда болып, көпфункционалды мәдени-спорттық кешенінде еліміздің абайтанушыларымен кездесті. Шара барысында Ел Президентіне Абай атындағы кітапхананың қорындағы әдебиеттерден әдеби экспозициясы ұсынылды.

Заманында қоғамдық кітапхананың тұрақты оқырманы болған, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев оқыған орыс және батыс классиктерінің көркем шығармалары мен  батыстың ұлы ойшылдарының философиялық еңбектері таныстырылды. Көрмеден орын алған А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой, М.Е.Салтыков-Щедрин, И.А.Крылов, Гете, Шекспир, Байрон сынды классикалық әдебиет өкілдерінің шығармалары мен ақының ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге көзқарасын өзгерткен Бокль, Спенсер, Тэйлор, Уоллэс, Милльдің еңбектері және «Вестник Европы, т.б. журналдарға шолу жасалды.

Абайдың қайраткерлік қызметін көрсететін бсылымдарға, Абай заманындағы және өмірден өткеннен кейін жарық көрген өлкетануға байланысты кітапхамыздың сирек қорын құрайтын құнды басылымдарға басты назар аударылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысында «Абай әлемі» кітаптар топтамасы бойынша 2018 жылдан бастап 43 мың данамен жарық көрген 50 атаулы кітап жайлы ақпарат берілді. Жоба аясында жарық көрген Абайдың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі шығармалары, Абайдың ақындық мектебінен нәр алған шәкірттерінің шығармалары, абайтанушылардың ғылыми-зерттеулері және шығыс өңірі қаламгерлерінің еңбектері таныстырылды. Санкт-Петербургте Илияс Бараганский баспасынан 1909 жылы араб қарпімен жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты ақынның тұңғыш кітабының репринттік басылымына ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік тапсырысы негізінде жарық көрген «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының Абайдың 10 тілге (француз, ағылшын, араб, түрік, орыс, испан, қытай, жапон, неміс, италия) аударылған толық шығармалар жинағы, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының 10 томдық «Абайтану» кітабы және жазушы Роллан Сейсенбаевтың құрастыруымен Абай туралы және ақын шығармаларының қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінде аударылған 10 томдық еңбегі де көрмеден орын алып, кітаптарға шолу жүргізілді.