Жастықтың оты жалындап: тікелей эфир
2020 жылдың 4 қараша күні ШҚО Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының Instagram парақшасында cәрсенбінің сәтінде дәстүрлі түрде өтетін «Жастықтың оты жалындап» жобасы аясында кезекті тікелей эфир ұйымдастырылды. Кеш қонағы ақындықты тәңір сыйы деп білетін, «Абай әлемі» сериясы бойынша өлеңдері жарық көрген жас ақын Дәулетберді Жекейұлы болды.
Сұхбат барысында өзінің шығармашылығына кеңінен тоқталған жас ақын, ауылына деген сағынышын баса алмайтынын, өлеңдерінің басым бөлігін туған жерге, туған елге арнағанын тілге тиек етті. Қазіргі қазақ поэзиясы, шығармашылықтағы бағыты жайлы аз-кем сөз қозғап, өзіне ұстаз тұтатын ақындарына да тоқталып өткен жас ақын болашақтағы жоспарларымен де бөлісті. Ауылға, балалық шаққа деген сағынышын қара өлеңмен жеткізіп, өзінің «Ауыл мектебі» атты өлеңін оқып берді.
Кеш соңында желідегі жүздесуімізді тамашалаған көрермен ақ тілектерін жаудырып жатты. Осы ретте киелі қара шаңырақ Абай атындағы кітапхана ұжымына өзінің лебізін білдірді.