Адамзаттың Абайы: онлайн танымдық кеш
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Абай атындағы кітапханамен бірлесіп «Адамзаттың Абайы» атты онлайн танымдық кеш өткізді. Кешке белгілі абайтанушы Асан Омаров арнайы қонақ ретінде шақырылып, Хәкімнің шығармашылығы жайлы мағлұмат берді. Алты бөлімнен тұрған кештің негізгі мақсаты – ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, оның даналығы мен рухани асыл- мұраларын насихаттау болды. Сонымен қатар шәкірттерімізді Ұлы Абайдың шығармашылығымен жақынырақ таныстырып, өсиет сөздерінен өнеге алуға шақырып, Абайша айтқанда «Толық адам» ретінде қалыптасулырына ықпал ету.
Кеш барысында қатысушылар Абай мұражайына онлайн-саяхат жасап, Абай атындағы кітапханада әзірленген «Абай әлемі» атты кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ абайтанушы-ғалым Асан Омаровпен онлайн дидарласып, дала данасының ғибратты өмірі, шығармашылығы жайлы салиқалы әңгімеге құлақ түрді. Оқушылар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
«Бүгінгі шараға шақырып, зияткер оқушылармен қашықтан болса да дидарласудың сәті түскеніне қуаныштымын. Әсіресе мені жас буынның Абай атамызды жаңа қырынан танығысы келгендері қатты қуантты. Қойған сауалдары да ойланып жауап беруге тұрарлық сұрақтар. Соған байланысты өз тарапымнан Абайдың тәрбие, имандылық философиялары жайлы айтқандарын ортаға салдым. Олардың барлығы жатарымыздың келешек өміріне пайдасын тигізеріне күмән жоқ» – деді кеш қонағы Асан Омаров.
Кеш барысында мектебіміздің талантты оқушыларының бірі Шыңғыс Тоқанов ойшылдың қара сөздерін оқып, өзге қатысушылармен кері байланыс орнатылды. Бұл сәтте қатысушылар Абайға қатысты түрлі сауалдарға жауап беріп, өз білімдерін сынап көрді. Осылайша, ақын шығармашылығын дәріптеу әлі де жалғасын тауып келеді.