Сыбайлас жемқорлық – ел қауіпсіздігіне төнген қатер: тікелей эфир
25 қараша күні Абай атындағы кітапхананың Facebook әлеуметтік желісінде Абай кітапханасының заңгері Қуатбек Исабаевпен «Сыбайлас жемқорлық – ел қауіпсіздігіне төнген қатер» тақырыбында тікелей эфир өткізілді.
Қуатбек Берікболұлы өз сөзін қоғамда сыбайлас жемқорлық сияқты құбылыстың пайда болу тарихынан бастап, сыбайлас жемқорлықтың мемлекет құрылған кезден бастап пайда болғанын атап өтті. Ол көрермендердің назарын еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап осы күнге дейінгі сыбайлас жемқорлық көріністеріне аударды. Заңгер жемқорлықтың мемлекетке және әрбір жеке адамға кері әсерін орыс әдебиетінің классигі Н.В. Гогольдің «Ревизор» шығармасын және қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» мысал ретінде келтіріп, талдап берді.
Қ.Исабаев сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың түрлері және жауапкершілік туралы айтып, заңнамалық актілер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның жолын кесу шаралары туралы өмірден нақты мысалдар келтіре отырып айтты. Эфир соңында Қуатбек Берікболұлы қоғам қайраткерлері, белгілі адамдар, ақын-жазушылар өз шығармалары мен жарияланымдарында сыбайлас жемқорлық және онымен күрес тақырыбын жиі көтеріп, сол арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыратын болса, мұның бәрі болашақта экономикаға оң әсерін тигізеді деген пікірін білдірді.