«Сексен бестің төрінен» : кітап таныстырылымы
11 желтоқсан күні ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Zoom» платформасы арқылы белгілі қаламгер, драматург Медеу Сапаұлы Сәрсекенің «Сексен бестің төрінен» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап тұсаукесеріне қаламгерлер, ақындар, жазушылар қатысты.
Аталмыш кітап танымал меценат, жеке кәсіпкер, «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Құрманбайдың демеушілігімен жарық көрді.
Кітап таныстырылымына барысында белгілі ақын, ҚЖО басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып мырза барша жазушылар одағының атынан ақжарма тілек-ниетін білдіріп, қаламгерлердің атынан иығына жабар шапаныда дайын екенін, және Нұр-Сұлтанға барып алдағы уақытта жабатынын көпшілікке мәлімдеп, жүрек жарды жыр жолдарын арнаса, Шәкәрім мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Арап Еспенбетов Медеу Сапаұлының өмірін жол мен шығармашылық басталдағын оқырман қауымға жіліктеп жеткізді. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Республикалық «Абай» журналының бас редакторы, ҚР «Мәдениет қайраткері» Мұратбек Оспанов қатысып, жазушының көптеген туындылары хикаят, роман, әңгімелері, драмалары, ұлт қайраткерлері Сәтбаев, Бөкетов. Бекмаханов туралы деректі шығармалары жайында сөз қозғап, бала күннен жазушының «Жетінші толқын», «Жаңғырық», «Көрінбестің көлеңкесі» сынды шығармаларын оқып, өзі де әдеби жолға бет бұрғанын жасырмады.
Жоғарыда аталған «Ақшың» корпорациясының президенті Марат Құрманбай Медеу Сапаұлымен бірге талай жылдан бері бірлесіп көптеген жұмыстар атқарып келе жатқанын айтып, бүгінде сексен бестің төріне шыққан ниеті ізгі ағаның қай бастамасын болсын қолдайтынын мәлімдеді.
Модератор кітапқа осы уақытқа дейін жазылған туындыларды жазу барысында кездескен қиындықтар, жазылған хаттар жайында атап өтіп,
жазушының 65 жылғы еңбектерінің қолжазбасын Семей мұрағатындағы қорға тапсырғаны жайында тілге тиек етті.
Таныстырылым барысында кітапхана қорындағы қаламгер кітаптарының шолуы жасалып, бейнероликтер көрсетілді.
Медеу Сәрсекенің әдебиеттегі, қазақ мәдениетіндегі орыны айшықталып, жас оқырмандарға насихаттау жұмыстары жүргізілді.