Жырлайды жүрек: поэзия кеші
9 ақпан күні Абай атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен Zoom платформасында ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Жырлайды жүрек» атты поэзия кеші өтті. Кешке қаламыздағы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің, Семей медицина университетінің студенттері қатысты.
Мұқағали Мақатаев – қазақтың лирик ақыны, өз заманында лайықты бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын. Ақын өлеңдеріне 100-ден астам әндер жазылған. Поэзия кешінде ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректер айтылды.
Кеш барысында Мұрат Айсауле, Айгерім Оралғазинова, Байғазиев Мағжан, Капанов Шоқан және т.б. студенттер ақынның Отан, туған жер тақырыбындағы өлеңдерін оқып, ақын жайында танымал тұлғалар жазып кеткен пікірлерді оқыды.
Сейсек Мейіргүл «Сәби болғым келеді», «Сенің көзің» әндерін орындап, ақынның лирикалық сырлы әуенін әуелетті.
Кешке қатысып отырған ұстаздар қауымы Мұқағали поэзисының өміршеңдігі жайында айтып, ақын өлеңдері мәңгілік мұра екендігіне оның өлеңдерін сүйіп оқыған жыр сүйер жастардың куә екенін атап өтті.