Алғысым шексіз бір саған!: ақпараттық сағат
2016 жылдан бастап жыл сайын елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні атап өтіледі. Осыған орай 27 ақпан күні Абай атындағы кітапхана қызметкерлері Семей қаласының Ішкі істер басқармасы қызметкерлеріне «Алғысым шексіз бір саған!» атты ақпарат сағатын өткізді.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкерлері Алғыс айту күнінің шығу тарихына тоқталып, бұл мерекенің маңыздылығы мен құндылықтары туралы сөз қозғады. 2016 жылдың 14 қаңтарында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялады. Кешегі қилы заманда Столыпин реформасы кезінде қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге депортацияланған орыс, неміс, татар, кәріс, поляк және т.б. ұлт өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты. 1 наурыз күні Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.
Ақпараттық сағат аясында ІІБ қызметкерлеріне қаламыздағы Достық үйінің этномәдени орталықтары өкілдерінің қатысуымен түсірілген бейнеролик көрсетілді. Шара соңында Алғыс айту күніне арнайы дайындалған кітап көрмесіне шолу жасалды.