2020 жылғы қиындықтар: ТМД елдері кітапханалары қауымдастығының ортақ мәселелері: халықаралық форум
2021 жылы 12 наурызда ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасы ТМД елдерінің кітапханаларының арасында өтетін «2020 жылғы қиындықтар: ТМД елдері кітапханалары қауымдастығының ортақ мәселелері» атты онлайн конференцияға қатысты. Іс- шараның ұйымдастырушылары – Ресейдің мемлекеттік кітапханасы, Еуразияның кітапханалық ассамблеясы, ҚР ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасы (Семей). Іс-шара Тәуелсіз Мемелекеттер Достастығының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Халықаралық форумның шымылдығын Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапхананың директоры Жігітбаева Гүлнара Талғатқызы құттықтау сөзімен ашты.
Бұл онлайн пікірталас алаңы пандемия кезінде Достастық кітапханаларының жұмысында туындаған түрлі мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік берді. Қатысушылар шектеу шаралары кезінде қашықтықтан қызмет көрсетудегі қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру бойынша, жұмыстың жаңа форматтары туралы, кітапханаларда бос уақытты тиімді ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасты. Ашық пікірталас бағдарламасында оқырмандармен қарым-қатынас орнату, пандемия кезіндегі оқырмандардың талап-тілектері, шектеу шаралары кезіндегі кітапханалардағы сұранысқа ие болған жұмыс түрлері туралы мәселелер қарастырылды.
Кітапхана қабырғасында бос уақытты тиімді өткізуге байланысты өзінің қызықты жұмыс тәжірибесімен Горький атындағы Луганск (Украина) кітапханасы бөлісті. Кітапхана директоры Н.А. Расторгуева кітапханада жүзеге асырылған оқырмандардың мәдени даму тұжырымдамалары туралы айтты.
Беларуссияның Ұлттық кітапханасының құжаттарды жеткізу бөлімінің жетекшісі О.А. Скалабан ақпараттық қызмет көрсетудегі тәжірибесімен бөлісті.
ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының қызметкері А.Р. Валиуллина «Шектеу шаралары жағдайында бос уақытты ұйымдастыру мен кітаппен жұмыс жасау арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтау керек» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамада Интернет желісінде кітапты насихаттау жұмыстарына, онлайн форматтағы қызықты жұмыс түрлері: онлайн-конференциялар, шеберлік сағаттары, тікелей эфирлер, Абай жылы мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығы сияқты мерейтойлық іс-шараларға және «Абай Әлемі» кітаптар топтамасын насихаттау жұмыстарына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, бос уақытты тиімді ұйымдастыру шаралары (клубтар мен үйірмелер) көрсетіліп, пандемия кезінде бос уақытты өткізу мен кітапты насихаттау арасындағы тепе-теңдік анықталды. Баяндама слайд презентациясымен көрсетілді.
Сонымен қатар, шектеу шаралары кезінде кітапханаларды техникалық жабдықтау, әдістемелік жұмыс жоспарлар және т.б. мәселелер де қарастырылды.
Іс-шара соңында онлайн пікірталас модераторы, РМК-ның ғылыми-білім беру қызметі Департаментінің директоры Е.Н. Гусева пандемия кезіндегі кітапханалардың жұмысы туралы пікірталасты қорытындылады.