Парасатты ұрпақ – пайымды ой: әдеби диалог
14 сәуір күні ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасында «Парасатты ұрпақ – пайымды ой» атты әдеби лекция өтті. Аталған шараға Шәкәрім университетінің қазақ филологиясы факультетінің 1 курс студенттері қатысты.
Жаңа заман әдебиеті жайлы ақын Бауыржан Игілік пайымды ой айтып, қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігі жайлы сөз қозғады. Ұлттық мүдде, рухани ілім, бүгінгі таңда оқылатын қажет шығармалар жайлы да сөз болды. Ұрпақ санасында ұлттық рухты қалыптастыру, азамттық қоғамдағы дербес ой, білім мен өнер, өркениетті мәдениет турасында пікір талас өрбіп, жастар өз ойларымен бөлісті. Бауыржан Игілік отансүйгіштікке тәрбиелейтін жырларын оқып, адам бойындағы асыл қасиеттер Отанмен байланысты екенін баса айтты.
Әдебиетке қызығушылығы жоғары жастарға ақын Мерей Қарт мотивациялық кеңестерін жеткізді. Студенттер саналарында жүрген сан түрлі сауалдарын жолдап, жауабын алып, шара еркін форматта ерекше өтті. Студент Бағжан Қырықбаева балауса жырларын оқыды. Қатысушылар пікір білдіріп, әдеби лекцияның көрігін қыздыра түсті.
Кез-келген елдің әдебиеті мен мәдениеті ілгерілеген сайын ұлттық құндылығы артып, ұпайы түгенделіп, сана жаңғырып, ғылым мен ілімі артары сөзсіз. Бүгінгі әдеби лекция да телегей теңіздей руханият айдынына тамшыдай үлес қосқанына күмән жоқ. Елдің асыл мұраты, еселі бағы Тәуелсіз мемлекетіміздің талантты жастарының қолында екені даусыз.