Жеңіс туы желбіреген күн: патриоттық сағат
6 мамыр күні Ұлы Жеңіс күніне арналып «Жеңіс туы желбіреген күн» тақырыбында патриоттық сағат өтті.
Мәдени шара жастардың Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым ету, халқымыздың тарихын құрметтей білуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Патриоттық сағат барысында пайдаланушыларға қазақстандықтар мен Семейліктердің Ұлы Отан соғысына қатысуы туралы ақпараттар беріліп, отандастарымыздың ерлігіне арналған кітаптар, фотоальбомдар мен өмірбаян очерктер, соғыс кезеңдері мен шайқас оқиғалары туралы тарихи деректерден мәліметтер ұсынылды.
Шараға орайластырылып «Ерлік– ұрпаққа ұлағат» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды. Кітап көрмесінде Л. Ахметованың «1941 жыл. Брест қамалы. Қазақстан» атты кітабы ерекше орын алды. Бұл кітапта алғаш рет Брест қамалының 556 қазақстандық қорғаушысының тізімі, Қазақстанда жасақталған полктер мен әскери бөлімдердің тізімімен қоса берілген. Сонымен қатар, К.Воробьевтың «Убиты под Москвой», В.Быковтың «Катюша», С. Бақбергеновтың «Белгісіз солдат», «Майдан жырлары», М.Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым», Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» және т.б. кітаптар қойылды. Көрмедегі басылымдардан жауынгерлердің батырлықтарын айқындайтын әдеби шығармалар, Жеңіс туралы жазылған еңбектер және Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер ғалымдардың естеліктерімен танысуға болады.
Мерекелік шараға Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетінің студенттері қатысты.
Барлық соғыс ардагерлері мен кітапхананың оқырмандарын Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!