Тәуелсіздік рәміздері: кең көлемді кітап көрмесі
3 маусым күні ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасында 4 маусым мемлекеттік рәміздер күніне орай «Тәуелсіздік рәміздері» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қаламыздың № 37 мектеп гимназиясының оқушылары қатысты. Кітап көрмесінің басты мақсаты – оқырмандарға аса маңызды мемлекеттік белгілер – рәміздер жөніндегі білімдерін жан-жақты сарапқа салу, оларға мемлекеттік белгілердің аса маңызды екенін ұғындыру, оны ерекше құрметтеп, мақтан тұту керектігін ашып көрсету. Көрмеге Ата заңымыз «Қазақстан Республикасының Конституциясы», К.Ерофеевтің «Символы казахской государственности», Е.Шаймерденовтың «Қазақ елінің рәміздері», «Елтаным», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздік рәміздері», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері.Тәуелсіздік нышандары» т.б. кітаптар мен мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалар ұсынылып, шолу жасалынды. Шолу барысында оқушылар жерлесіміз көрнекті ғалым, ақын, жазушы – драматург, аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік Гимні мәтінінің авторы екенің, оны ол 27 жасында жазғаны туралы мәлімет алды. Сонымен қатар тарихта мемлекеттік рәміздерге байланысты кездесетін әртүрлі деректер де ұсынылды. Әлем елдерінің туларында ең көп кездесетін рең – қызыл түс екен. Осы түс барлық мемлекет туларының үштен екісінде бар. Ал төрт өлең жолынан тұратын ең қысқа әнұран мәтіні Жапония мен Иордания елдеріне тиесілі көрінеді. Сондай-ақ 158 өлең жолынан тұратын ең ұзақ әнұран мәтіні Грекия елінің әнұраны. Осындай қызықты мағлұматтар олардың қызығушылығын тудырды. Шолу соңында оқушыларға «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» атты бейнешолу көрсетілді. Бейнешолуда еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айғақтайтын мызғымас құнды белгілер Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұранның тарихы, мемлекеттік рәміздердің авторлары мен рәміздер кітаптар жайлы баяндалады.