Жұмағали Тілеулин – Алаш ардағы: бейнедәріс
2021 жылдың маусым айының 16-шы жұлдызында ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының ZOOM платформасында әр сәрсенбі күні «Алаш» жобасы аясында өткізілетін тікелей эфирінде Алаш арысы Жұмағали Тілеулиннің інісі Бекет Сәпиұлымен «Жұмағали Тілеулин – Алаш ардағы» тақырыбында тікелей эфирде бейнедәріс өтті.
Дәріс барысында бүгінгі қонағымыз алаштың ардағы Жұмағали Тілеулиннің туысы Бекет Сәпиұлы Жұмағали туралы бірнеше мақалалар жазғандығын тілге тиек ете отырып және оның ұрпақтарына арнайы «Жұмағали Тілеулин – Алаш тағлымы» атты ғылыми конференция өткізгендігін айтты. ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің бірі, дәрігер, журналист, алаш қайраткері өз ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен боздақтардың бірі Жұмағали Тілеулин Омбыдағы фельдшер мектебін бітіргенен кейін, Қызылжар қаласында ояздық ауруханада қызмет еткен.
Омбыда оқып жүргенде медицина туралы «Айқап» журналына, «Қазақ» газетіне ол көбінесе дәрігер ретінде денсаулық сақтау туралы проблемалық мақалалар жазып отырған. Сонымен қатар, қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерге қалам тартқан ұлт зиялысы өзі қатарлы қазақтың оқыған интеллигенциясымен қоян-қолтық араласып, саяси істерге бет бұрғандығы айтылды. Жұмағали Тілеулин Алаш Орданың Петропавл уезіндегі бөлімшесінің белсенді мүшесі, Омбы қаласында құрылған Ақмола облыстық қазақ комитетінің мүшесі, «Қазақ» газетінің жергілікті белсенді тілшілерінің бірі болғандығы туралы тың ақпараттар берілді.
Бекет Сәпиұлы Жұмағали ұрпақтарының қиын да, қилы тағдырына тоқтала келе, олардың «Халық жауының» балалары болып, қудаланғандығын, өз әкесінің жетім қалған туыстарының ұрпақтарына пана болғанын әңгімеледі.
Жұмағали Тілеулиннің есімі ұрпақтар жадында қалары сөзсіз тұлға.