Айтыскер ақын – Айбек Жеңісқазин
Тамыздың 3-і күні Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы кезекті эфирін кітапханамыздың оқырманы, танымалдылықтың тұғырына көтеріліп келе жатқан жас талап, айтыскер ақын Айбек Жеңісқазинмен өткізді.
Семейіміздің көркін келтіріп тұрған үлкен мешітін салып, қолдау көрсеткен Тарбағатайдың тумасы, Ақсуаттың бір атпал азаматы Дулат Тәстекеевтың ұйымдастырған «Асыл домбыра» атты бірнеше турдан тұратын айтысқа қатысып, екі турынан сүрінбей өтіп, 28-29 тамыз күндері Ақсуаттағы ақтық айтыста аламанға алашаң ертіп қосылуға жолдама алған, финалына шыққан Айбек ақын, өзінің туған жері Абыралы ауданы, Ақбұлақ ауылының тумасы екенін, Ақбұлақ жалпы орта мектебін бітіргенін айтып ағынан жарылды.
Айтысқа қызығушылық әу бастан ауылда басталып, айтыстың алтын дәуіріндегі айтыскер ақындардың айтыстарын тыңдап, айтыскер ақындарға еліктеп өскенін, қалаға келгесін ұстаздықтың биігіндегі, ақындықтың анасы Дәмеш апайдың ақындар мектебіне түсіп әрі қарай шыңдалғанын, ұстазы Серік Молабеков Айбектің ақын болып қалыптасуына зор ықпал еткенін тілге тиек етті.
Айтыскер ақын Қ.Мырзалиевтің, О.Бөкейдің, Қ.Жұмаділовтің шығармаларын, қазіргі тәуелсіздіктің танымал ақындары, Қ.Сарин, Б.Игілік, Ж.Мақаевтың өлеңдерін оқып, тыңдап, әрқашан өзін өзі шыңдап, дамытып, Дәулеткерей, Мэлс, Аманжол, Бекарыс сияқты айтыскер ағаларын үлгі тұтатынын айтып, көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Болашақта айтыс әлемінде талай доданы бағындыратын талантты ақын эфир барасында өзінің өлеңін оқып, көрермендерді тәнті етті.