«Маңызды шешімдер кезеңі»: экспозициялық көрме
31 тамызда Абай атындағы кітапхана мамандары Тұңғыш Президент Кітапханасы ұйымдастырған және Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған “Маңызды шешімдер кезеңі” экспозициялық көрмесі бойынша онлайн экскурсия өткізді. Экскурсия С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітапханасының әріптестері мен оқырмандары үшін өткізілді.
Кітапхана мамандары аудиторияны Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының алдындағы тарихи деректермен, Тұңғыш Президент кітапханасының құжаттарымен, фотосуреттерімен, экспонаттарымен таныстырды.
Көрермендер назарына экспозициялық көрменің “Семей жарасы”, “Елбасының ядролық қарусыз әлем жолындағы бастамалары”, “Бейбіт атомға құқық” атты бөлімдері ұсынылды.
“Семей жарасы” бөлімінде мынадай құжаттар ұсынылды: 1958 жылғы Семей облысындағы радиологиялық жағдай туралы медициналық қорытындылар, 1965 жылғы 16 қаңтарда радиологиялық топ жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша жарылыстың гамма-фонының жоғарылауы және радиоактивті өнімдерінің түсуі туралы хабарлама, 1953 жылы атом бомбасын сынау кезінде Қарауыл ауылында қалдырылған тұрғындардың тізімі.
“Елбасының ядролық қарусыз әлем жолындағы бастамалары” бөлімі еліміздің Тұңғыш Президентінің ядролық қарудан бас тарту және атомды тек қана бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі халықаралық саммиттерде сөйлеген сөздерін жария етті, Ұлыбританияның, Жапонияның, АҚШ-тың және басқа да елдердің жоғары мемлекеттік наградалары мен төсбелгілері аудиторияның ерекше қызығушылығын тудырды.
“Бейбіт атомға құқық” бөлімінде Н.Ә.Назарбаевтың ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық пайдалану, бүкіл әлемде ядролық қаруды қысқарту мәселелері бойынша түрлі форумдар мен сессияларда сөйлеген сөздері туралы толығырақ ақпарат берілді.
Елбасы Кітапханасы мен Абай кітапханасының қорларынан ұсынылған полигонның тарихын, салдары мен қазіргі жағдайын баяндайтын кітап көздеріне шолу экскурсияны толықтырды.