Батыс Алашорданың астанасы – Жымпиты: бейнедәріс
2021 жылы 22-ші қыркүйегі күні ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының ZOOM платформасында әр сәрсенбі күні «Алаш» жобасы аясында өткізілетін тікелей эфирінің қонағы Батыс Қазақстан облысы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Мағауияқызы Ойшыбаевамен «Батыс Алашорданың астанасы – Жымпиты» тақырыбында тікелей эфирде бейнедәріс өтті.
Шара барысында Жымпиты – Батыс Алашорданың астанасы, талай тарихи оқиғалардың кіндігі болған өңір екендігі, мұнда Алаш қайраткерлерінің ізі сайрап жатқандығы туралы хабардар болдық.
Бүгінгі күні алаш арыстарының табаны тиген олар қызмет жасаған ғимараттар бар екендігін айта отырып, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлының осы өңірде дүниеге келіп, Батыс Алашорда бөлімшесінің төрағасы болғандығы, қызметі туралы тың ақпараттар берілді.
Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде Сырым заманы мен тарихы, бес қару топтамасы, этнография, археология, табиғат және экология, мәдениет пен өнер, ардагерлер мен Алаш залдары халыққа қызмет етуде. Сырым заманынан қалған түпнұсқа жәдігер жоқ болса да, Ресейдің мұрағат құжаттары мен түпнұсқа негізінде арнайы тапсырыспен жасалған құнды, күміспен күптелген қару- жарақтар, ат әбзелдерін атауға болады.
Бейнедәрістің соңында Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған Ж.Досмұхамедұлының тұтынған кілемінің, жұбайының Тұрар Рысқұловтың атына жазған өсеит хатының, соңғы уақытта табылған кітабының және Дәулетше Күсепқалиевтің жеке басына байланысты құжаттарының көшірмесі мен фотосуреттері «Алаш» электронды кітапханасының қорына берілетіндігі белгілі болды. Мұндай құнды құжаттар мен жәдігерлердің көшірмесі «Алаш» электронды кітапханасының пайдаланушыларына тосын сый болары сөзсіз.