«Тағдыр тауқыметі» (І.Айтықовтың тағдыры туралы жазылған М.Құмарбектің «Тауқымет» романы): кітап таныстырылымы
2022 жылдың 17 ақпанында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша кітапханамыздағы «Абай әлемі» кітаптар топтамасының кезекті таныстырылымы өтті.
Жоба аясында жарық көрген Шығыс Қазақстан облысының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Мүсілім Құмарбековтың «Тауқымет» романы оқырман назарына ұсынылды.
Мүсілім Құмарбеков 1939 жылы 10 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде ұзақ жылдар бойы қызмет істеген. «Ақ Ертіс» – «Иртыш» атты қазақша-орысша шығатын әдеби, мәдени журналда редактордың орынбасары қызметін атқарған. «Дидар» облыстық газеті редакторының орынбасары болды. Жазушының «Алтайдың ардагері», «Қыз күлкісі», «Асау Ертіс», «Шынар», «Алтайым – алтын бесігім», «Жастық жағалауы» атты кітаптары бар. 2003 жыл «Фолиант» баспасынан «Жар жағасындағы үй» повестер жинағы жарық көрген.
Онлайн таныстырылым барысында жазушының «Тауқымет» деп аталатын бұл деректі романында әкесі «халық жауы» атанып, итжеккенге айдалып, өзі соғысқа аттанған қазақтың бір туар ұланы Кеңес одағының батыры Ізғұтты Айтықовтың өмірбаянына арқау етілген. Романда отызыншы-қырықыншы жылдарда қазақ елі бастан кешкен ауыртпалықтар мен қиыншылықтар,сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел тұрмысы мен майдан шындығы шынайы бейнеленген.