Ат – ер қанаты: бейне репортаж
Ақпан айының 21 жұлдызында Абай атындағы кітапхананың жас мамандары арнайы әлеуметтік желідегі оқырмандары үшін «Ат – ер қанаты» тақырыбында бейне репортаж ұсынды.
Репортаж жылқы малының құдіреті мен қасиеті жайында ақпарат беріп, қазақ халқының ежелден тұрмыс-тіршілігінің бір бөлігіне айналған төрт түліктің бірі екенін жеткізді. Заманында аты аңызға айналған Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Ақан серінің Құлагері, Қабанбайдың Қубасы сол уақытта иелеріне айнымас адал серік болғаны тарихтан белгілі. Осыдан-ақ жылқы малының қазақ халқы үшін орыны ерекше екенін білуге болатыны жайында айтылды.
Ат үстіндегі адамның ойының сергек болатыны және қазіргі қоғамды меңдеп тұрған дерттің бірі депрессияның жылқы мінген адам бойында болмайтыны, сонымен қатар жануардың өте сезімталдығы, адам психологиясын жанына жақын келгеннен-ақ ұғып қоятын қасиеті тілге тиек етілді.