Наурыз – көктем мен жаңару мерекесі: этномәдени кеш
Абай атындағы облыстық кітапханада 18 наурыз күні кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, «Айша Бибі» ұлттық-мәдени орталығымен бірлескен түрде «Наурыз – көктем мен жаңару мерекесі» тақырыбында этномәдени кеш ұйымдастырылды.
Шараға Семей мемлекеттік медицина университетінің студенттері, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері және қатысуға ниет білдіруші барлық санаттағы оқырмандар қатысты.
Іс шараның мақсаты: өскелең ұрпаққа ата-баба дәстүрін ұлықтап, ұлттық тәрбие беріп, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту. Аталмыш іс-шара «Наурызға шашу» шашу рәсімімен басталып, мұсылман халықтарының наным-сенімі «Алас-алас» ырымы театрландырылған көрініспен көрсетіліп, «Айша бибі» фальклорлық ансамблінің орындауында «Қазақы дастархан» әні мерекенің сәнін келтірді. Мерекелік іс-шарада ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға ұлттық салт-дәстүр бойынша сауалдар қойылып, «Орамал тастау» шағын ұлттық ойыны ойнатылды.
Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған аталмыш әз-Наурыз мерекесіне қаламыздағы педагогикалық колледжінің 302-тобының студенттері «Дәстүрді білесің бе?» бинго ойынын дайындап, мерекелік тарту жасаса, М.Аубакиров халық әні «Аңсау» әнін шараның жалғасы ретінде көпшілікке ұсынды.
Наурызға тарту ретінде М.Исенбаева баянның сүйемелдеуімен «Тойбастар» әнін шырқап, іс-шара соңында Қыдыр ата көпшілікке өз батасын берді.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана ұжымы Наурыз мерекесін бірге тойлап, мол дастархан жайып, наурыз мейрамына арналған әндер шырқалып, ізгі тілектер айтылды.