Ұлы даланың ұлы жазушысы: кең көлемді экспозициялық көрме
2022 жылы қазақтың аса ірі жазушысы, қазақ әдебиетінің классигі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр.
Мұхтар Омарханұлы 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей уезінің Шыңғыс болысында, ұлы Абайдың туған жерінде дүниеге келген. Мұхтар Әуезов – ақын шығармаларының революциядан кейінгі басылымдарын жинаушы және редакторы, қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаев шығармашылығының тұңғыш ғылыми зерттеушісі.
13 сәуірде Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында қазақтың ұлы жазушысының мерейтойына арналған кең көлемді экспозицияланған кітап көремесі ұйымдастырылды.
Көрмеде жазушының әр жылдардағы шығармалары, соның ішінде 2018 жылы «Абай әлемі» кітап сериясында жарық көрген Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы кеңінен ұсынылды.
Сонымен қатар, оның өмірі мен шығармашылығын айшықтайтын әдебиеттер: «Мұхтар Әуезов: энциклопедия», «Мұхтар Әуезов зерттеулерінде белгісіз: мұрағаттық құжаттар», Н.Анастасьев «Жеңімпаз трагедиясы», «Мұхтар Әуезов» , «Әуезов әлемі», Г Омарханова, А. Әзиев «Мұхтар аға», А. Молдаханов «Әуезов және фольклор», Ғ.Пірелі, Т.Әкім «Мұхтар Әуезов. Кітапхана» және т.б.әдебиеттер мен мерзімді басылымдар ұсынылды.
Кітап көрмесі жазушының Қайым Мұхамедхановпен, Алаш қайраткерлерімен, жерлестермен түскен фотогалереясымен толықтырылған.
Шараға Шәкәрім атындағы университеттің филология факультетінің студенттері мен М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері қатысты.
Кітапханадағы көрме жыл соңына дейін оқырмандарға ұсынылатын болады. Қала тұрғындарын көрмені тамашалап, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өмірі мен шығармашылығымен танысуға шақырамыз.