Сирек қордағы жазушы қолтаңбасы: ретробасылымдарға шолу
2022 жылдың 12 сәуірі күні Абай атындағы кітапхана ұйымдастырған «Халқының Әз-ағасы» атты халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың мерейтойына арналған апталық жалғасын тауып, кітапхана оқырмандарына «Сирек қордағы жазушы қолтаңбасы» тақырыбындағы ретробасылымдар көрмесі ұсынылды.
Журналистік қаламгерлік мамандығының қайнар бұлағының бастауы болған облыстық “Екпінді” газетінің 1943, 1947, 1948, 1950 жылдардағы тігіндісі, 1970 жылдардағы “Қазақ әдебиеті”, “Жұлдыз”, “Жалын” және басқа да мерзімді басылымдарда баспа көрген қаламгер публицистикасының бай топтамасы көрмеден көрініс тапты.
Семей таңы газетінің бетінде жарық көрген С. Рамазановтың «Әз-аға» мақаласында «Мен «Екпінді» газетіне сонау 1936 жылдан, Жарма ауданындағы Ақбұзау орталау мектебінде оқып жүрген кезімнен жаза бастадым. Бала күнімде тілші болған бұл газетке соғыс кезінде майданнан материалдар жіберіп тұрдым. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов», – деп халық жазушысы еңбегінің дәлелі көрсетілген. Жазушы «Екпінді» газетін «Рухани ұстазым» деп санаған. Ол облыстық «Екпінді газетінде қызмет істеген жылдары Семей облысының Жарма, Шар аудандарының тыныс-тіршілігі, еңбек адамдары жайында қалам тартып тұрған.
Көрмеден орын алған «Екпінді»газетінің 1946-1948 жылардағы санында жарияланған қаламгердің Жарма ауданы Ақбұзау колхозының ауыл шаруашылық жайы туралы «Соқаның жүзі», Шар ауданының Кезеңсу колхозының әлеуметтік жағдайы мен мәдени өмірі жайлы жазған «Озық колхоз» мақаласы, «Қызыл жұлдыз» ордені мен екі мәрте жауынгерлік медалінің иегері Сүлеймен мұғалімнің жемісті еңбегі туралы жазған «Ауыл мұғалімі» мақаласы шараға қатысушы студент-жастардың қызығушылықтарын тудырды.
Сонымен қатар, әдебиет әлемінің Әз-ағасының қаламынын туындаған естелік еңбектері де көрмеде ұсынылды. Жазушының 1975 жылы «Жалын» журналында жариялаған Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің айтқан әңгімелері желісінде жазған «Батырдың жастық шағы» атты мақаласы, 1982 жылғы «Жұлдыз» журналында жария көрген Сәбит Мұқановтың азаматтық бейнесін баяндаған «Ағаның алақаны» атты естелігі, Жалын журналының бетінде жарияланған майдан алаңындағы 100-дербес қазақ атқыштар бригадасының құрамы жайлы «Боздақтар» естелігі оқырмандардың сұранысына ие болды.
Көрме материалдары қаламгердің шығармашылық жолымен, өнегелі өмір жолын кітапхана пайдаланушыларына кеңінен таныстырып, қилы тағдырын, үлкен еңбекпен қол жеткізген табыстарын паш етеді.
Іс-шараға қатысушы жастар тақырыпқа байланысты өзара пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.