Алаш зиялысы – Жақсылық Төленов: бейнедәріс
2022 жылдың 13-сәуірінде Абай атындағы кітапхана ZOOM платформасында «Алаш» жобасының кезекті санын жалғастырды. Жобаның кезекті саны Алаш автономиясының құрылғанына 105 жыл және халық ақыны Жақсылық Төленовтің туғанына 140 жыл толуына арналды. Қазақ зиялысы туралы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Мерхат Сүйіндіков бейнедәріс оқып, өмірі мен шығармашылығы туралы толыққанды ақпарат берді.
Жақсылық Төленұлының өзіне Әсет Найманбаевты ұстаз тұтқанын, 1904 жылы Өр Найман атанған дүлділ серінің жанында ел аралағанын, тіпті Әсеттің әкесін іздеп Қытаймен іргелес жатқан Бақты өңіріне барғанынын айтып өтті. Ж.Төленовтың большевиктер ықпалында болып, бүкіл Ресейлік большевиктер партиясының құрамында болғандығы, Семейге 1917 жылы қайтып оралғандығы, етікшілер ұйымын құрғандығы жөнінде баяндалды. Сонымен қатар С. Дөнетаев, М.Әуезов, С.Торайғыровтармен таныс болғандығы, Шәкәріммен, Н.Құлжановпен жақсы араласқандығы туралы әңгімеленді. Абыралы мен Қайнар селосын салуға көмектескендігін мәлімдеді.
М.Сүйіндіков бейнедәріс барысында Жақсылық Төленұлының замандастарына, ауыл тұрғындарына Абай ұрпақтары, Әсет Найманбайұлы және Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков және Міржақып Дулатов туралы құнды ақпараттар беріп отырғандығы жайлы баяндады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» топтамасы бойынша 2020 жылы Жақсылық Төленовтің шығармаларының жарық көргендігі жайында айтылып, ақынның төл туындыларын іздеу мен жариялау әліде жалғасатынын жеткізді. Шараға қатысқан шығыс өңірі кітапханашыларының сауалдарына жауап берді.