Ахмет Байтұрсынұлы мысал өлеңдерінің тәрбиелік мәні: оқырмандар конференциясы
Абай атындағы кітапханада 27 сәуір күні «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында, Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы А. Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай оқырмандар конференциясы ұйымдастырылды.
Оқырман конференциясына Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің, Семей медицина университетінің және М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері қатысты.
Шара барысында Ахмет Байтұрсынұлының мысал өлеңдерінің тәрбиелік мәні жайында сөз қозғалып, ұлт ұстазының мысал өлеңдерін жатқа оқып, осы мысал өлеңдерінен бағыт-бағдар алып, рухани-адамгершілік қағидаларымен танысты.
Педагогикалық колледждің студенттері «Аққу, шортан, һәм щаян» мысалын оқып, осы мысалға байланысты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын мақал-мәтелдер айтылып талқыланды.
Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университетінің студенттері А.Байтұрсыновтың И.Крыловтан аударған «Өгіз бен бақа» мысалынан көрініс көрсетті. Шара соңында шараға қатысушылар Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің студенттері дайындаған Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығына байланысты «Kаhoот» бағдарламасы арқылы викториналық сұрақтарға жауап берді.