Көк тудың желбірегені: онлайн кездесу
Мамыр айының 24-і күні Абай атындағы кітапханасының ұйымдастыруымен ҚР рәміздерінің 30 жылдығына орай ҚР мәдениет қайраткері, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Алмас Ахметбекұлымен ZOOM платформасында «Көк тудың желбірегені» тақырыбында кездесу өткізді.
Шараға кітапханамыздың оқырмандарымен, облыс аумағындағы кітапханалар және әріптестеріміз қатысты.
Желідегі жүздесуді Алмас Ахметбекұлы осынау тақырыпқа арқау болған өлеңнің дүниеге келуінен бастады. Қонағымыздың айтуы бойынша еліміз тәуелсіздік алғаннан соң он төрт айдан кейін яғни 1992 жылы ақпан айында шекарадан бері өтіп келе жатқанында «Қарғос» бекетінде желбіреп тұрған көк Туымызды алғаш рет көріп, туған топырағын, атажұртын аңсап жеткен ақынның жүрегінен ақтарылған сағыныш дейді. Туған елдің ауасын жұтып, тәуелсіз Отанның жерін басқанда табаны шымырлап, жүрегі дүрсілдеп сол кезде ойға оралған өлеңін ақын кейін Алматыда жүріп көкте желмен желбіреген көктуды көргенде сол уақытта кешкен сезіммен толықтай туынды етіп шығарыпты. Аталмыш өлеңге көптеген ән жазылсада олардың ешқайсысы ақын көңілінен шықпай, ақырында Ермұрат Зейіпханның ұранды етіп жазған сазы жанына жағып, бүгінде осы туынды барлық қазақ жатқа айтатын әнге айналды.
Сұқбат барысында қонағымыз өзінің басқада жазған өлеңдерін оқып, оқырмандардың ойын тебірентіп жүрген сұрақтарға жауап беріп, бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйі, жалпы қазіргі қоғамдағы ақындардың миссиясы, өзінің әдеби әлеміне әсер ететін ақындар, ұлтты сүю, отанға деген махаббат, шетел асып жатқан жастар т.б. тақырыптарда ой-пікірін білдіріп, жастарға барынша ақылын айтып, тұжырымымен бөлісіп, кездесуге қатысқан барлық қонақтын зор құрметіне бөленді.