Кітапханаға саяхат: ағылшын тілінде экскурсия
24 маусым күні Абай атындағы әмбебап кітапханасында “Sapsan” білім беру орталығының оқушыларына «Кітапханаға саяхат» атты ағылшын тілінде экскурсия ұйымдастырылды.
Кітапхана қызметкері балаларды бір ғасырдан артық тарихы бар кітапхананың бөлімдерімен, бай кітап қорымен және ақпараттық қызметтерімен таныстырды. Абайдың рухани орталығында болған балалар «Абайдың рухани орталығында» 18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырда баспа көрген Абай заманындағы сирек басылымдарды, оның ішінде Абай оқыған кітаптарды, аймақ зерттеушілерінің еңбектерін, әлем әдебиеті жауһарларын, Абайдың әлем тілдеріндегі шығармаларын көріп, керемет әсер алды. Атап айтқанда, сирек қорымыздағы 1881 жылы жарық көрген, 30 бөлек дәптерден тұратын «Құран» кітабы мен Н.Гнедичтің аудармасындағы Гомердің «Илиада» кітабы балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Шетел әдебиеттері бөлімінде балаларға ағылшын тілінде қызықты, танымдық ойын түрлері ұсынылды. Жас оқырмандар арнайы дайындалған «Animals», «ABC», «Colours» ойындарына қатысып, белсенділік танытты.
Кітапханаға саяхат балалардың кітапқа және оқуға деген қызығушылығын оятып, бос уақыттарын кітапханада тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.