Кітапхана қонағы
Бүгін Ресейдің Орынбор қаласындағы Биотехнология және Генетика институтының аға ғылыми қызметкері Сабыр Халелұлы Бекболов кітапханамызда қонақта болды. Сабыр Халелұлы қазақтың ұлттық сусыны – қымыз туралы Қазақстанда зерттелген зерттеу еңбектермен танысу мақсатында кітапханамызға келіп, кітапхана қорындағы ұлттық сусындар туралы басылымдармен танысты. Ол қымыздың тиімділігі мен емдік қасиеті, иммундық жүйені арттыруы, адамға беретін күш-қуаты, ұйқы безі мен қан құрамына әсері жөнінде зерттелген зерттеу еңбектерді алып, қажетті ақпараттарға қанық болды.
Кітапхана қонағы Абайдың рухани орталығында болып, Абай заманындағы кітаптармен және Алаш қайраткерлерінің көзі тірісінде жарық көрген еңбектерімен танысты. Қайым Мұхамедхановтың шығармашылығымен танысып, Қайым Мұхамедхановтың әкесі Сейітқұл Мұхамедханның өз атасымен бірге тар жолда бірге отырғандығы жайында баяндады. «Қайым Мұхамедханов қорының» президенті Дина Мұхамедхановамен телефон арқылы танысып, сөйлесіп, алдағы уақытта шығармашылық байланыста болатындығын жеткізді. Кітапханамыздан алған ақпараттар үшін алғысын айтып, ризашылығын білдірді.