Абайдың рухани әлемі: кең көлемді кітап көрмесі
10 тамызда Ұлы Абайдың туған күніне орай Абай театрында өткен мерекелік шара барысында Абай атындағы кітапхана қала қонақтары мен қала жұртшылығына ақынның шығармашылық мұрасынан мол мағлұмат беретін «Абайдың рухани әлемі» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырды.
Көрменің «Абай мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы» бөлімінде ұлы Абайдың барлық шығармалары орын алды. Қатысушылар назары 1909 жылы Санкт-Петербургте араб қарпімен алғаш рет басылып шыққан «Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңдері» кітабының репринтті басылымына ауды.
Көрменің «Абай мұрагерлерінің еңбектері» бөлімі іс-шараға қатысушыларды Абайдың әдеби мектебінің шәкірттері мен ізбасарларының, соның ішінде Шәкәрім Құдайбердиев, Көкбай Жанатайұлы, Әсет Найманбаев, Тәңірберген Әміренов, Сапарғали Әлімбетов, Төлеу Көбдіков және басқа да Абай заманындағы ақындардың шығармаларымен таныстырды.
«Абай мұрасы ғылыми еңбектерде» бөлімінде Абай шығармашылығын, философиялық көзқарастарын, қоғамдық қызметін зерттеген абайтанушылардың еңбектері ұсынылды. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлының 10-томдық «Абайтану» кітабы, ақын мұрасы туралы терең мағлұмат беретін «Абай әлемі» сериясы арқылы 2020 жылы жарық көрген 5 томдық «Абайтану» кітабы, Л.Гумилев атындағы университеттің Абайтану институтының жариялаған абайтануға байланысты басылымдары қатысушылардың ерекше қызығушылықтарын тудырды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Абай Құнанбаев» мақаласы, Абайдың ұлы – Тұрағұлдың әкесі туралы мақаласы жайында мағлұматтар берілді.
«Әлем тілдерінде Абай» бөлімінде кітапханамыздың қорында сақталған Абай шығармаларының шетел халықтарының тілдеріндегі аудармалары ұсынылды. Орыс, ағылшын, неміс, венгр тілдеріндегі М.Әуезовтің «Абай жолы» романы, орыс, ағылшын, қытай, кәріс, өзбек, түрік тілдеріндегі өлеңдері мен қара сөздерінің аудармалары қойылды.
Абайдың шығармашылық әлемінен мол мағлұмат беретін кең көлемді кітап көрмесіне қатысушылар әріптестерімізге зор ықыластарын білдірді.