Дабысты елдің дарабоз батыры: кітап көрмесі
Қыркүйек айының 7-ші жұлдызында облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханада дарабоз батыр, даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың туғанына 330 жыл толуына орай арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шараға арнайы Рымбек Байсеитов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің бірінші курс студенттері мен кітапханамыздың оқырмандары қатысты.
Көрмеге кітапхана қорынан З. Сәніктің «Қаракерей Қабанбай», А. Жақыповтың «Қаракерей тума тарихы», «Қаракерей Қабанбай 300», Қабдысләм Тортайұлының «Қабанбай батыр туралы әңгіме», Қ. Жұмаділовтың «Дарабоз» сынды шығармалары ұсынылды.
Арнаулы жиында ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген ат-есімдер бергені айтылды. Сонымен қатар Дарабоздың Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атағаны жайында сөз етілді.
Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпей «Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр болған емес» деп бағаласа, әйгілі ғалым Құрбанғали Халид: «Шығыстың бес тарихы» деген еңбегінде: «Абылай ханның дәуірінде батыр және әскербасы болып келген адамдар – Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Еспембет батыр, Матай Шөнкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақбантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиын Малайсары батыр және басқалар. Бұлардың әрқайсысы батырлықтарымен асқақ атақ, абырой алған болса да, олардың батырлығынан өресі биігі Қабанбай батыр еді», – деп жазған жазбалар жайында сөз қозғалып, хас батырдың қайсар тұлғасы өзгеріссіз қалыпта ел жадында екені жеткізілді.