Табиғат балалар көзімен: кең көлемді экспозициялық кітап көрмесі
30 қыркүйекте балалар әдебиеті бөлімінің қызметкерлері қалалық Отбасы орталығымен бірлесіп, қаланың мектепке дейінгі балдырғандар және орта білім беру мекемелерінің оқушылары арасында экологиялық фестиваль ұйымдастырды.
Шара барысында бөлім қызметкерлері қатысушылар назарына қазақ, орыс және шетел жазушыларының табиғат туралы әдебиеттері, танымдық энциклопедиялар, ашылмалы кітаптар, «Сиқырлы қылқалам» үйірме мүшелерінің табиғат жайлы салған суреттері, «Шебер қолдар» үйірмесінің мүшелері жасаған қолданбалы өнер экспонаттарымен толықтырылған «Табиғат балалар көзімен» тақырыбына кең көлемді экспозициялық кітап көрмесі ұсынылып, әдебиеттерге шолу жасады.
«Жануарлар», «Өсімдіктер әлемі», «Су асты патшалығы» және «Табиғаттың ғажайыптары мен жұмбақтары» атты бөлімдерден тұратын көрмеге Абай Құнанбаевтың «Жыл мезгілдері», Марат Қабанбайдың «Туған жердің төрт уақыты», Шығыс Қазақстан жазушыларының жинақтары, Н.Сладковтың «Орман қызметтері бюросы», Э.Сетон-Томпсонның «Жануарлар туралы әңгімелер» және т. б. әдебиеттер қойылды. Сондай-ақ көрмеге бөлімнің «Шебер қолдар» үйірмесінің еріктісі (волонтер) Зубкованың С.А. жұмыстары ұсынылып, көп жылғы еріктілік жұмысы үшін Отбасы орталығының әкімшілігі атынан алғыс хатпен марапатталды.