Түбі бір түркі әлемі: ақпараттық сағат
2022 жылдың 11 қазан күні Абай атындағы кітапханада алаштанушы, қоғам және мәдениет қайраткері Құсмілия Жырғалұлымен «Түбі бір түркі әлемі» атты ақпараттық сағат өтті. Шараға Шәкәрім университетінің тарих және құқық кафедрасының аға оқытушысы, т. ғ. к. Зәуре Қадырбайқызымен аталмыш кафедраның аға оқытушысы, т. ғ. к. Тоты Амангелдіқызы студенттерімен және «Қайнар» колледжінің студенттері қатысты.
Шара барысында Құсмілия Жырғалұлы жастарға жалпы қазақтың терең тарихынан сыр шертіп, түп атамыз түркілерден бастап, айбынды Алаш орда үкіметінің саясаты, желтоқсандағы жастардың қайсарлығы жайлы көптеген ақпарат берді.
Қоныстанған ата мекеніміздің қойнауы қазынаға, жері құндылыққа, даласы тарихқа, халқы тектілікке сусындағанын айта келе, алпауыт Ресей мен Қытайдың және біздің қазақ жерінің құндылығы көктүріктің отаны Алтай тауыныңда ең қазыналы бөлігі біздің елдің еншісінде екенін мақтанышпен жеткізді. Осы қазыналы даланың талай қазба жұмыстары ата-бабамыздың алтын киіп жерленгенін дәлелдеп бергенін, және сол алтынға оюлана басылған жазбаның бәрі көне түркінің тасқа қашаған жазба-жырымен тамырлас екенін айтып, біздің бабаларымыз мыңдаған жылдар бұрын жазу-сызуды білген деген ой түйіндеді.
Сөз соңында Құсмілия Жырғалұлы айтқан әңгімесіне құлақ түріп отырған жастарға алдағы өмірлеріне сәт-сапар тілеп, Алаш қайраткері Отыншы Әлжановқа арналған «Тарбағатай» арнауын оқып берді.