Әдеби бауырластық: Беларуссия – Казахстан: онлайн-кездесу
18 қазан күні Республика күніне орай Абай кітапханасында «Әдеби бауырластық: Беларуссия – Қазақстан» атты онлайн-кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Могилев қаласының 10-11 сынып оқушылары мен Семей қаласының №2 мектеп оқушылары қатысты.
Шара шымылдығын В.И. Ленин атындағы Могилев облыстық кітапханасының балалар бөлімінің басшысы Марина Владимировна Елисеева ашып, қазақ-белорус мәдени қатынастар жайлы, Янка Купала, Якуб Колос, Максим Танке сынды белорус елінің мерейгер жазушылары және І.Жансүгіров, Н.Келімбетовтың белорус тіліне аударған аудармалары туралы баяндап берді.
Семей қ. мектеп оқушылары Нұрғазина Ақжан, Айбекқызы Айтолған және Оспанова Еркежан қазақ жазушыларының ішінде 2022 жылғы мерейгер тұлғалар туралы ақпараттарымен бөлісті. Шара барысында ұлы Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Н. Келімбетовтың өмірі мен шығармашылығы туралы слайд-презентация көрсетілді. Могилев қаласының қатысушылары Полозкова Е., Лукашов Б., Никитенко К., Козлова К., Кравчук А. белорус және орыс тілдерінде Белоруссия ақындарының өлеңдерін оқып берді. Могилев қаласының кітапханасында Яна Купалаға арналған бірегей басылым бар, сол басылымда «А хто там iдзе» (Кімдер анда келе жатқан) поэмасының 101 тілге аударылған аудармалары жинақталған. Аталмыш шара барысында шетел әдебиеттері бөлімінің маманы Мусакиева Айгүл «А хто там iдзе» (Кімдер анда келе жатқан) шығармасының қазақ тіліндегі аудармасын нақышын келтіріп айтып берді.
Іс-шара нәтижесінде қатысушылар Беларусь және Қазақстан жазушыларының әдеби қауымдастығы туралы қызықты деректермен танысты. Семей қаласының оқушыларының орындауында ұлы Абайдың өлеңдері тыңдалды.
Ұйымдастырылған шараға белсенді қатысқан Могилев қаласы мен Семей қаласының оқушыларына алғыс хаттар мен естелік кітаптар табысталды.