25 қазан Республика күні: ақпараттық сағат
20 қазан күні Семей қаласының технология колледжінде облыстық Абай атындағы кітапхана қызметкерлері 25 қазан – Республика күніне арналған ақпараттық сағат өткізді. Шараға колледж студенттері қатысты.
Өткізілген ақпараттық сағаттың мақсаты – студенттерге Қазақстан Республикасының егемендікке жету жолындағы жүргізілген тарихи маңызы бар кезеңдер туралы ақпарат беру, Отанға деген азаматтық, патриоттық сезімді қалыптастыру және отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Ақпараттық сағат барысында студенттерге егемендік алған кезеңнен бастап қазақ тарихында болған саяси-экономикалық, дипломатиялық қатынастар, қоғамдық-мәдени дамуындағы жетістіктері жайында баяндалды.
Шараға ұсынылған басылымдардың ішінде «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақ хандары», «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы», «Алаш қозғалысы», «Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу тарихы», «Қазақстанның жеті кереметі», «ХХІ ғасырдың Астанасы», т.б. кітаптар таныстырылды.
Студенттер ақпараттық сағатқа белсене қатысып, өздерінің тарихқа деген қызығушылықтарын білдірді.
Ақпараттық сағаттың соңында студенттерге «Тәуелсіздік шежіресі» атты видеоматериал ұсынылды.