«Адамдық деген ұлы ұғым»: Б. Герасимовтың 150-жылдығына арналған өлкетану қонақжайы
15 қаңтар күні Абай атындағы кітапханада өлкетанушы-ғалым, діни қызметкер Борис Герасимовтың 150-жылдығына орай «Прииртышье» өлкетану қоғамы мен Абай атындағы кітапхана мамандары бірлесіп дайындаған өлкетану қонақжайы өтті. Оның есімі XX ғасырдың басындағы Семей өлкетанушыларының көрнекті есімдерінің қатарында. Борис Герасимов Семей өңірінде өлкетану ісімен белсенді айналысқан: этнографиялық, археологиялық, тарихи, фольклорлық мәліметтер жинап, кеңестік партия мектебінде және қырғыз (қазақ) педагогикалық техникумында қазақ тарихы мен өлкетану пәнінен сабақ беріп, халыққа ағартушылық лекциялар оқыды. Борис Герасимовтің өлке тарихы мен табиғатына, халық тұрмысына қатысты құнды зерттеулері «Орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жазбаларында» жарық көрген. Б.Герасимов 20 жыл бойы «Жазбаларды» өңдеп, бірнеше рет Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің төрағасы болып сайланған болатын.
Шара барысында өлкетанушы Иван Лисиенко Б.Герасимовтың өмірі мен шығармашылығына тоқталып, өмірінің қиын кезеңдері, 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кеткені туралы баяндады. Б.Герасимовтың есімі мен шығармалары көпке дейін ұмыт болды.
Абай атындағы кітапхана қызметкері жиналғандарды семейлік өлкетанушының іргелі еңбектерімен таныстырды, олардың біразы кітапхананың сирек қорында сақталған. Бізге жеткен шығармалардың ішінде «Мемлекеттік Орыс Географиялық Қоғамының Семей бөлімшесіне жиырма бес жыл. 1902-1927 жж.» басылымы Семейдегі мұражай мен кітапхана сияқты мәдени мекемелердің қалыптасуы мен даму тарихын мәлімдейді.
Өлкетанушы Александр Зязин өскемендік өлкетанушы А.Харламовтың басып шығаруға дайындаған суреттелген альбомын ұсынды, онда Б.Герасимовтың «Поездка из Семипалатинска на Рахмановские ключи священника Бориса Герасимова. 1905 год» және сол альбомды алғашқы өскемендік әуесқой фотографтардың бірі Василий Бобровтың 1897 жылы түсірген қала мен облыс көріністері фотосуреттерімен толықтырды.
Қатысушылар назарына Б.Герасимов туралы слайд-көрсетілім, фотосуреттері мен өлкетанушының көзі тірісінде жарық көрген және қайта басылып шығарылған еңбектері қойылған кітап көрмесі ұсынылды.
Іс-шара соңында авторлық әндер орындаушы Вадим Син Борис Герасимовтың сүйіп тыңдаған табиғат туралы әндерін нақышын келтіріп орындады.