Кітап патшалығына саяхат: әдеби-ойын сағаты
2 сәуір Халықаралық балалар кітабы күні қарсаңында балалар әдебиеті бөлімінің қызметкерлері №45 ЖОББ мектебінің 4 «Д» сынып оқушыларына кітап күнінің маңыздылығы және балаларға кітап оқудың қажеттілігін дәріптеу мақсатында «Кітап патшалығына саяхат» атты әдеби-ойын сағатын ұйымдастырды.
Халықаралық кеңестің шешімімен 1956 жылдан бастап дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туылған күніне орай 2-сәуір – балалар кітабы күні болып жарияланған. Андерсен балалар кітабын жазуға баға жетпес үлес қосты, ол әлемге өзінің туындыларын көптеген әдемі ертегілерін сыйлады.
Шара барысында кітапхана қызметкерлері балаларға Халықаралық кітап күнінің тарихы, Г.Х.Андерсеннің өмірбаяны және оның керемет ертегілері туралы көптеген қызықты мағлұматтар берді.
Қатысушылар назарына қазақ, орыс, шетел балалар жазушыларының шығармалары, Г.Х. Андерсеннің ертегілері топтастырылған «Кітап – білім бұлағы» тақырыбына кітап көрмесі ұсынылды, әсіресе балаларды қызықтырған кітаптан жасалған «Букеанариум» инсталляциясы болды. Сонымен қатар, балалар бөлімінің кітап қорымен, кітапхананың сирек басылымдарының алтын қорындағы ерекше құнды жәдігерлерлермен танысып, сұрақ-жауап сайысына, кітап жайлы викториналық әдеби-ойындарға белсене араласып, алғырлықтарын танытты. Шара соңында кітапханамен тығыз байланыста жұмыс жасап, шығармашылық серіктестікте жүрген сынып жетекшісі Болатбергенова Маржан Қайратбекқызы және мектеп кітапханашысы Маулетова Алина Саметқызына кітапхана әкімшілігі атынан алғыс хат табысталды.